Құпия ақпараттың қорғалу деңгейін төмендету ұлттық қауіпсіздікке қауіп ретінде қарастырылмақ
Мәжіліс арнаулы мемлекеттік органдардың қызметіне қатысты заң жобасын бірінші оқылымда мақұлдады. Құжаттың негізгі мақсаты осы құрылымдардың жұмысын тиімді ету және ұлттық қауіпсіздікті күшейту болып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Заң жобасы арнаулы органдардың жұмыс тәртібін жаңартып, заңдардағы қайшылықтар мен олқылықтарды жоюды көздейді. Яғни, қолданыстағы нормалар бір жүйеге келтіріледі.
«Ол ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және Қазақстан Республикасының арнаулы мемлекеттік органдарында қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатын көздейді. Заң жобасы мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жауапты құрылымдар қызметінің тиімділігін арттыруға, құқық қолдану қызметі барысында анықталған құқықтық олқылықтардың орнын толтыруға бағытталған», – деді Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Болат Керімбек.
Енді тек салдарымен күресу емес, олардың себептерін анықтау және алдын алу басты бағыттардың бірі болады. Сонымен қатар, экстремистік және террористік материалдарды сақтауға тыйым салу ұсынылып отыр.
Құпия ақпараттың қорғалу деңгейін төмендету ұлттық қауіпсіздікке қауіп ретінде қарастырылады. Бұл бақылауды күшейтіп, бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған. Жедел бөлімшелерге қызметке қабылдауда жас бойынша шектеулерді алып тастау ұсынылған. Бұл кадр таңдауды икемді етуі мүмкін.
Егер курсанттар немесе кадеттер оқуын аяқтамаса, мемлекет жұмсаған қаражатты қайтару механизмі жеңілдетіледі. Бұл өзгерістер арнаулы мемлекеттік органдардың тиімділігін арттыруға және қауіпсіздік саласындағы тәуекелдерді ертерек анықтауға бағытталған.
Құжат әзірге тек бірінші оқылымда мақұлданды. Нақты нормалар мен олардың қалай жұмыс істейтіні заң толық қабылданғаннан кейін белгілі болады.