«Finsky Ice», «Сибирские морозы»: Семей тұрғыны гаражында спирт пен суды араластырып, ішімдік дайындаған

Автор: Асыл Арман

Оны танымал брендтердің атымен шығарған

Қаржылық мониторинг агенттігі Абай облысында өңір прокуратурасының үйлестіруімен және Семей қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментімен бірлесіп, заңсыз алкоголь өнімдерін өндіретін жасырын цехті анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Тергеу амалдарына сәйкес, Семей қаласының тұрғыны тиісті лицензиясыз алкоголь өндіру жұмысын ұйымдастырған.

Орынжайлар мен гараждарда спиртті сумен араластыру арқылы алкоголь дайындалып, кейін танымал брендтердің атауымен шыны бөтелкелерге құйылған. Өнімге заңды сипат беру үшін алдын ала қолдан жасалған есепке алу-бақылау маркалары пайдаланылған.

Тінту барысында заңсыз айналымнан «Finsky Ice» және «Сибирские морозы» атауларымен 12 мыңнан астам бөтелке алкоголь, 8 мыңнан аса бос бөтелке, 10 мың литрден астам спирт құрамды сұйықтық, жалған маркалар, сондай-ақ өндіру және буып-түю жабдықтары тәркіленді.

Соттың санкциясымен цех орналасқан жекеменшік үйге, сондай-ақ өнімді тасымалдауға пайдаланылған үш автокөлікке тыйым салынды.

Ұйымдастырушыға қатысты елден шықпау және тиісті мінез-құлық туралы қолхат түріндегі бұлтартпау шарасы таңдалды. Тергеу жалғасып жатыр. Қазақстан Республикасы ҚПК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.

Қаржылық мониторинг агенттігі ескертеді: мұндай өнімдерді тұтыну азаматтардың өмірі мен денсаулығына елеулі қауіп төндіреді, улануға, ішкі ағзалардың, соның ішінде бауыр мен бүйректің зақымдануына, сондай-ақ өлімге әкелуі мүмкін», – делінген Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарламасында.