Ақтауда шенеунік көрсетілмеген қызметке 5,3 млн теңге аударған

Автор: Мөлдір Қазыбай

Прокуратура инватакси қызметіндегі заңбұзушылықты анықтады

Фото: istockphoto.com

Ақтауда мүмкіндігі шектеулі жандарға көрсетілмеген қызмет үшін бюджеттен 5,3 млн теңге негізсіз төленгені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Lada басылымының ақпарынша, Маңғыстау облысының прокуратурасы инватакси қызметін көрсету саласына жүргізген талдау барысында өрескел заңбұзушылықтарды анықтаған. Ведомство мәліметінше, Ақтау қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы қызмет көрсетілмегеніне қарамастан мердігер ұйымға қаржы аударуға жол берген.

Осылайша, бюджет қаражаты негізсіз жұмсалған. Прокуратура актісі негізінде мемлекетке 5,3 млн теңгені қайтару бойынша шаралар қабылданған.

Сонымен қатар, уәкілетті органның шешімімен аталған бөлім басшысы атқарып отырған лауазымына толық сәйкес еместігі туралы тәртіптік жауапкершілікке тартылған.