Оқиға 30 наурыз күні таңғы уақытта болды
Ақтөбеде жер үйлерден ұрлық жасаған күдікті оқиға орнында ұсталды. 30 наурызда таңғы мезгілде Ақтөбе қаласындағы Оңтүстік Батыс ауданында екі бірдей ұрлық оқиғасы орын алды. Жас жігіт таңғы сағат 6.30 шамасында қатар тұрған екі жер үйге жасырын кіріп, үй иелерінің мүлкін ұрлаған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Атап айтқанда, күдікті алғашқы үйден ақша салынған барсетка мен «Kia Sportage», автокөліктің кілтін ұрлап, автокөлікті айдап әкетпен болған. Әрі қарай ол сол үйге көрші тұрған екінші үйдің гаражына жасырын кіріп, құны 150 мың теңге тұратын дәнекерлеу аппаратын ұрлаған.
Үй иелерінің бірі ұрыны байқап қалып, оны өз күшімен ұстап, дереу полиция шақырған. Оқиға орнында ұсталған күдіктіні полиция уақытша ұстау изоляторына қамады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында ұсталған жігіт кінәсін мойындады. Қылмыс жасаған сәтінде ақтөбеліктің алкогольдік мас күйде болғаны анықталды.
Ұрлық дерегі бойынша қозғалған қылмыстық іс аясында полиция сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіп жатыр. Қылмыстық заңнамада үй-жайға заңсыз кіру арқылы бірнеше ұрлық жасау әрекеті үшін мүлкi тәркiленіп, жетi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза көзделген.
Ақтөбе облысының полиция департаменті үй иелерін мұқият болуға, күзетті күшейту шараларын қабылдауға, есіктерді ашық қалдырмауға және үй-жайларды сенімді құлыптармен бекітуге шақырады», – делінген ПД хабарламасында.