Ол аппарат отырысында жол мәселесін көтерді
Өскемен әкімі Алмат Ақышов аппарат отырысында қаладағы жолдардың сапасы үшін ұялатынын айтты. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Yk.kz-ке сілтеме жасап хабарлайды.
«Былтыр атқарылған жұмыс – менің жеке жауапкершілігім. Учаскелердің бәрін қайта тексеру қажет. Кепілдік мерзімі бес жылға дейін ұзартылды, сондықтан әр мердігер өзіне тиесілі шұңқырларды өзі жөндеуі тиіс. Осыған дейін мен бюджет шығындарын оңтайландыру жөнінде тапсырма бергенмін. Соған сәйкес, тиімсіз шығындардың барлығы жолдарды жөндеуге бағытталады», – дейді қала басшысы.
Алмат Ақышов жиында өткен жылғы жұмыстарды мұқият тексеріп, барлық мердігердің жауапкершілігін күшейту қажеттігін атап өтті.
«Біздің басты мақсатымыз – қала жолдарын толық ретке келтіру. Басқа өңірлерден келгендер жолдардың нашар екенін айтады, бұл мені әкім ретінде қатты алаңдатады. Әкім ретінде жолдардың сапасы үшін ұяламын», – дейді әкім.