Сауда ұйымына 250 мың теңгеден астам шығын келген
Өскемен қаласындағы ірі сауда орталықтарының бірінде ер адам 80 қорап шокалад ұрлағаны видеоға түсіп қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Тергеу мәліметтері бойынша, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айлары аралығында ер адам сауда залынан тауар ұрлап келген. Ол өз әрекетін ешкім байқамаған сәттерді пайдаланып, заттарды сыртқы киімінің астына жасырып, ақысын төлеместен дүкеннен шығып кетіп отырған.
Ол негізінен шоколад өнімдерін ұрлап келген. Ол жалпы саны 80 қорап «Merci» шоколадын жымқырған. Бұдан бөлек, күдікті косметика құралдарын, азық-түлік пен жеке гигиена заттарын да қолды қылған.
Осындай заңсыз әрекеттердің салдарынан сауда ұйымына 250 мың теңгеден астам материалдық шығын келтірілді.
«Кезекті ұрлық әрекеті кезінде күдіктінің жеке басы ШҚО ПД Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларының көмегімен анықталып, ұсталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Күдіктіге қатысты «күзетпен ұстау» бұлтартпау шарасы таңдалды.
Тәртіп сақшылары азаматтарды заңды сақтауға және өзгенің мүлкін жасырын жымқыру үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын ескертеді», – делінген облыстық ПД хабарламасында.