Жер учаскелері көпір салу үшін қолданылады
Өскеменде Ертіс өзені арқылы салынатын жаңа көпір құрылысы үшін 43 жер учаскесі мемлекет қажеттілігіне алынатын болды. Олардың тізімі қала әкімдігінің қаулысымен бекітілді. Бұл туралы Azattyq Rýhy агенттігі Yk.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Барлығы 43 учаске алынады, олардың басым бөлігі Меновное ауылында орналасқан. Атап айтқанда, Серікбаев көшесіндегі учаскелер Д. Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университетінің меншігінде. Сонымен қатар, тізімге Ертістің арналары арасында аралдағы ауыл шаруашылығын жүргізуге арналған учаске де кірген.
Кейбір жерлер 24 тұрғын ауданында орналасқан, бұл жерлер су құбыры желілерін салуға арналған. Меновное ауылында алынатын жерлер Адольф Янушкевич және Совет көшелерінде орналасқан. Ең көп учаске «Восход» бақшалық кооперативінің саяжайлар аумағында орналасқан. Тізімде оннан астам саяжай бар.
Құжатта жерлер әртүрлі мақсатта пайдаланылатындығы көрсетілген, олар бақшалық және жеке шаруашылық, ауыл шаруашылығы өндірісі және инфрақұрылымды орналастыруға арналған.
Жаңа көпір Ертістің екі жағалауын біріктірмек: оң жақта – Серікбаев көшесінен, сол жақта – Меновное ауылынан. Жоспар бойынша жер учаскелерін мемлекет меншігіне алу рәсімі 2026 жылдың 1 қазанына дейін аяқталады.