Қайғылы оқиға өткен жылдың ақпан айында болған
Павлодар облысында әжей адам өлтіргені үшін сотталды. Зейнеткер әйел сот үкімімен орта қауіпсіздігі бар қылмыстық-атқару жүйесі мекемесінде үш жылға бас бостандығынан айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Өткен жылдың ақпан айында мен Ақсу ауданының Сарышығанақ ауылында адам өлтіру фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді жүргіздім. Шақыртуды тергеу-жедел тобы орындады. Тергеу барысында сол күні бірге тұратын адамдар арасында тұрмыстық себептен жанжал туындағаны анықталды. Ер адам мас күйде болған. Зейнеткер әйелдің ескертуіне мән бермей, ар-намысқа тиетін сөздер айтқан. Жанжал барысында әйел адам ас пышағын алып, кеуде қуысына бір рет сұққан. Ер адам кеуде қуысына терең жарақат алып, жүрегі зақымданған, оқиға орнында қайтыс болған», – деді Павлодар облысы Ақсу қаласы полиция анықтау бөлімінің бастығы Даулет Мусинов.
Тергеу барысында жанжалдың себебі ретінде өлген адамның ішімдік ішкендігі, оған зейнеткер әйел кедергі жасағаны анықталды. Ауызша жанжал төбелеске ұласты.
Оқиға орнын тексеру барысында зардап шеккен адамға өмірге қауіпті жарақат келтірілгені және бұл жарақаттың мамандар тарапынан ауыр дене зақымын келтіргені ретінде бағаланғанды.
«Оқиға орнынан барлық заттай дәлел алынды. Тергеушілер күдіктінің әрекетін ҚР ҚК 99-бабының 1-бөлігі – адам өлтіру, яғни басқа адамға қасақана өлім келтіру деп бағалады. Объективті тергеу жүргізіліп, қылмыстық іс 41 сағат ішінде сотқа жіберілді», – деп хабарлады Даулет Мусинов.
Сот қылмыстың сипаты мен әлеуметтік қауіптілігін, сотталушының жеке деректерін, тұрғылықты жері бойынша жақсы сипаттамасын, сотталмағанын, зейнеткерлік жасын, денсаулық жағдайын, сондай-ақ қылмысқа дейінгі және кейінгі әрекеттерін ескерді. Қылмыстық жауапкершілікті ауырлататын жағдайлар анықталған жоқ.
Барлық жеңілдететін мән-жайларды ескере отырып, әрі алқалар шешіміне сүйене отырып, сот ерекше мән-жайлардың бар екеніне тоқталып, баптағы ең төменгі жазадан аз жазаны тағайындады.