Бұл нысан өңірдегі «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған
Солтүстік Қазақстан облысындағы шалғай ауылдарда өрт қауіпсіздігі күшейтіліп жатыр. Уәлиханов ауданының Ақбұлақ ауылында жаңа өрт сөндіру бекеті пайдалануға берілді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл нысан өңірдегі «Ауыл құтқарушылары» бағдарламасы аясында ашылған 163-өрт сөндіру бекеті. Жаңа нысан бірден үш елді мекеннің тыныштығын күзетіп, 800-ге жуық тұрғынның қауіпсіздігін қамтамасыз етпек.
«Біз жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, өртке қарсы жүйені нығайтуды жалғастырамыз. Бұл төтенше жағдайлар кезінде жедел әрекет ету мүмкіндігін арттырады», — деп атап өтті СҚО ТЖД бастығының орынбасары Дмитрий Растихин.
Жаңа бекет Ақбұлақ ауылдық округінің базасында құрылған және заманауи талаптарға сай жабдықталған. Онда еріктілер үшін барлық жағдай жасалған.
Жылы гараж және автономды су жүйесі бар. Сонымен қатар, тұрмыстық бөлмелер мен арнайы байланыс құралдарымен де қамтылған.
Сондай-ақ, Төтенше жағдайлар департаменті жеке құрамға арнайы жауынгерлік киім-кешекті салтанатты түрде табыстады.