Көкшетауда пәтерде қамалып қалған ер адам құтқарылды

Автор: Дәулет Ботагөз

Ол ешкіммен байланысқа шыға алмай қалған

Фото: pixabay

Көкшетауда көршілерінің арқасында бір адам аман қалды. 1988 жылғы ер адам өз үйінде қамалып, ешкіммен байланысқа шыға алмай қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оқиға Көкшетау қаласындағы көпқабатты үйлердің бірінде болған. Көптен бері көрінбей кеткен көршісіне алаңдаған тұрғындар бірден Төтенше жағдайлар министрлігіне хабар берген. Белгілі болғандай, 36 жастағы ер адам пәтерінде құлыптаулы қалып, есікті өздігінен аша алмаған және сыртпен байланысы үзілген.

Оқиға орнына жеткен жедел-құтқару жасағы есікті бұзбау туралы шешім қабылдаған. Құтқарушылар полиция қызметкерлерінің қатысуымен арнайы альпинистік жабдықтарды пайдаланып, төртінші қабаттағы терезе арқылы пәтер ішіне кірген.

«Құтқарушылардың жедел әрекетінің арқасында ер адам аман-есен сыртқа шығарылды. Ол бірден жедел жәрдем бригадасына тапсырылды», — деп хабарлады мекеме өкілдері.