Оқушылар ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіреді
Қазақстанда президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асып жатқан «Келешек мектептері» жобасы білім берудің жаңа үлгісіне көшті. Енді оқушылар жасанды интеллект дәуіріне сай инженерлік дағдыларды меңгеріп қана қоймай, ұлттық құндылықтарды да бойына сіңіреді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова жоба аясындағы мектеп директорларымен кездесуде білім сапасын арттырудың басым бағыттарын айқындады. Негізгі мақсат — отандық мектеп түлектерінің халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті болуы.Енді оқушылар тек ұлттық тестілеумен шектелмей, IELTS және SAT стандарттары бойынша дайындық деңгейін растауы тиіс. Академиялық ағылшын тіліне, сыни ойлауға және өз ойын дәлелді жеткізу қабілетіне басымдық беріледі.
Бүгінде мектептерде 180 робототехника кабинеті мен 150 STEM-зертханасы жұмыс істеп тұр. Олар құрғақ теория емес, нақты зерттеу алаңына айналуы тиіс.
«Келешек мектептерінде» тәрбие мен білім беру ұштастырылған. Министр атап өткендей, жасанды интеллект дамыған заманда мектептің миссиясы да өзгеруі қажет.
«Біз оқушылардың бойында оқу мәдениетін қалыптастыруымыз керек. Осы мақсатта "Айына бір кітап" принципін енгізуді ұсынамын. Барлық мектептерде талқылауға арналған 12 кітаптың бірыңғай тізімі жасалады», — деді Жұлдыз Сүлейменова.
Сонымен қатар оқу жоспарына келесідей маңызды бағыттар біріктірілді: домбыра тарту үйірмелері мен ұлттық спорт түрлері; дебат ұйымдарын дамыту; жоғары сыныптардағы бейіндік сыныптар.