Жыл басынан бері 500-ге жуық шағым түскен
2026 жылдың басынан бері Батыс Қазақстан облысының тұрғындарына сапасыз тауарлар мен қызметтер үшін 13,7 млн теңгеден астам қаражат қайтарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Мой город» басылымына сілтеме жасап.
Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің мәліметінше, ведомствоға 498 өтініш келіп түскен. Қайтарылған қаражаттың едәуір бөлігі, шамамен 6,7 млн теңге сот арқылы өндірілген, оның ішінде моральдық зиян өтемақысы да бар.
54 кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылып, салынған айыппұл көлемі 1,4 млн теңгеден асқан.
Шағымдардың басым бөлігі бөлшек сауда саласына, әсіресе интернет арқылы жасалған сатып алуларға қатысты. Тұтынушылар көбіне тауардың сипаттамаға сәйкес келмеуі, сатушы туралы ақпараттың болмауы, ақшаны қайтарудан бас тарту және шағымдарға жауап бермеу мәселелеріне тап болады.
Сонымен қатар өңір тұрғындары тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрмыстық қызметтер, қоғамдық тамақтану, медицина, білім беру және көлік салаларындағы қызмет сапасына да шағымдануда.