Қазақстанда «Жер сағаты»: акцияға 500-ден астам нысан қосылды

Автор: Алмас Ерсін

Сағат 20:30-да Қазақстан бойынша бір сағатқа ғимараттардың жарығы өшірілді

Фото: Экология және табиғи ресурстар министрлігі

28 наурыз күні Қазақстан жаһандық экологиялық бастама – «Жер сағаты» акциясына қосылды. Биыл бұл шара елдегі экотуризмді дамыту тақырыбына арналды. Қазақстанның бұл акцияға қатысып келе жатқанына 17 жыл болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігіне сілтеме жасап.

Бүгін Астана уақытымен дәл сағат 20:30-да ел бойынша үйлерде, кеңселерде және көшелерде ғимараттардың жарықтандыруы бір сағатқа сөндірілді.

Айта кетейік, «Жер сағаты» – Дүниежүзілік жабайы табиғат қорының (WWF) бастамасымен өткізілетін жыл сайынғы халықаралық шара. Акция аясында ұйым адамдарды Жердің болашағына бейжай қарамаудың белгісі ретінде бір сағатқа жарық пен тұрмыстық электр құрылғыларын өшіруге шақырады. Осы уақытта әлемдегі ең танымал ғимараттар мен ескерткіштердің жарығы да сөндіріледі.

«Жер сағаты» – әлемдегі ең ауқымды экологиялық акциялардың бірі. Оған дүниежүзі бойынша 2 миллиардтан астам адам қатысады, 180 елдегі 7000 қала тұрғындары қолдау білдіреді.

Акцияның мақсаты – табиғатқа және планетаның ресурстарына жауапкершілікпен қараудың маңызын көрсету. Жыл сайын Қазақстанда бұл шара кезінде маңызды нысандардың жарығы символдық түрде сөндіріледі.

2026 жылы «Жер сағаты» халықаралық акциясы 19-рет, ал Қазақстанда 17-рет өтті. Биыл ел бойынша акцияға 500-ден астам нысан қатысты.

Олардың қатарында:

  • Ақорда резиденциясы,
  • «Бәйтерек» монументі,
  • «Астана Опера»,
  • Әзірет Сұлтан мешіті,
  • Тәуелсіздік сарайы,
  • «Астана Арена» стадионы,
  • «Алау» мұз сарайы,
  • «Қазақстан» қонақ үйі,
  • әл-Фараби атындағы ҚазҰУ,

сондай-ақ спорт нысандары, білім беру мекемелерінің ғимараттары, өнеркәсіптік кәсіпорындардың бас кеңселері және басқа да көптеген нысандар бар.