Digital Qazaqstan 2026: 10 млн теңге кімге бұйырды

Автор: Дәулет Ботагөз

Қазақстанның әр өңірінен келген 20 жоба таныстырылды

Фото: Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі

Шымкент қаласында өткен Digital Qazaqstan 2026 форумы аясында ең үздік технологиялық стартаптар бақ сынасты. Елдің инновациялық экожүйесін дүр сілкіндірген ұлттық байқаудың финалында Қазақстанның әр өңірінен келген 20 жоба таныстырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Биылғы бәйгеде жалпы жүлде қоры 19 миллион теңге болды. Бірнеше айға созылған іріктеуден өткен стартаптар инвесторлар мен сарапшылар алдында өз өнімдерін қорғап шықты. Қазылар алқасының шешімімен жеңімпаздар анықталды. 

1-орын (10 000 000 теңге): Gro.now (Алматы). Бұл — маркетингтік зерттеулерге арналған заманауи платформа.

2-орын (5 000 000 теңге): Cortex AI (Қызылорда). Жасанды интеллект негізінде бүйрек трансплантациясынан кейінгі қауіптерді болжайтын медициналық жүйе.

3-орын (3 000 000 теңге): AR Sana (Астана). Балалардың сөйлеу қабілетін дамытуға арналған Health-tech платформа.

Сондай-ақ, көрермен көзайымы номинациясы бойынша Qalam AI (Шымкент) стартабы 1 000 000 теңге сыйақы иеленді. Бұл «ақылды қалам» қағаздағы жазуды сандық мәтінге айналдырып, жүйелеп береді.

Astana Hub бизнес бағдарламалар кеңсесінің директоры Әшімбек Әбілғазиновтың айтуынша, биылғы дода мықты технологиялық жобалардың тек ірі қалаларда емес, өңірлерде де көп екенін дәлелдеді.

«Digital Qazaqstan Battle — бұл тек қаржылай қолдау емес, бұл халықаралық сарапшылармен тәжірибе алмасу және инвесторлардың назарын аудару мүмкіндігі», — деп атап өтті ол.

Финалистер арасында AI, «ақылды қала»және білім беру технологиялары бағытындағы JolScan, Lady Taxi, SmetaHub сияқты 20 жоба болды. Қазылар алқасының құрамында Мұрат Абдрахманов (бизнес-ангел), Ренат Туканов (Freedom Holding Corp. CTO) секілді сала майталмандары төрелік етті.

Digital Qazaqstan 2026 халықаралық форумы демеушілік қаражат есебінен ұйымдастырылды. Бас серіктестер мен демеушілер: Freedom Bank, Alageum Electric және Қазақтелеком. Форумды ұйымдастырғандар ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub.