Шымкентте санитарлық талапты бұзған нысандарға 58 млн теңге айыппұл салынды

Автор: Дәулет Ботагөз

Тексеріс нәтижесінде бірнеше жағдай әшкере болды

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Шымкентте қоғамдық тамақтану орындары мен жекеменшік емханалардағы тексеріс нәтижесінде бірнеше жағдай әшкере болды. Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті жүргізген тексеріс қорытындысы бойынша 58 миллион теңгеге жуық айыппұл салды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өткен жылы Шымкент қалалық СЭБД-не 3 179 өтініш түскен, оның басым бөлігі (2 899-ы) қарапайым тұрғындардан келген. Шымкенттіктерді ең алдымен дәмханалар мен мейрамханалардың антисанитариялық жағдайы ашуландырған.

«Тексеріс кезінде 236 нысан қаралды. Нәтижесінде лас бөлмелер, зарарсыздандырудың жоқтығы және гигиеналық талаптардың сақталмауы сияқты 288 заңбұзушылық анықталды», — деді департамент басшысының орынбасары Алдарқұл Ахметов.

Мамандардың айтуынша, қалада 1 жыл ішінде 4 тамақтан улану оқиғасы тіркелген. Осыған байланысты 15 нысанның жұмысы уақытша тоқтатылды.

5 нысанның материалы сотқа жолданып, 14 қызметкер медициналық тексерістен өтпегені (немесе мерзімі өткен құжаттар) үшін жұмыстан шеттетілді.

Сондай-ақ, талапқа сай емес бір өнім түрі саудадан алынып тасталды.

Мамандар тек асханаларды емес, қоршаған ортаны да бақылауда ұстап отыр. Атмосфералық ауадан алынған 22 955 сынаманың 48-інде зиянды заттардың шекті концентрациясынан асып кеткені анықталды. Соған қарамастан, қаладағы ауыз су мен топырақ құрамы қалыпты жағдайда екені анықталып отыр.