Кортеж жол қозғалысына қауіп төндірген
Таразда жол ережесін өрескел бұзған той кортежі полицияның назарына ілікті. 2026 жылғы 27 наурызда болған оқиға бейнебақылау камералары арқылы анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Қалыңдықты күйеу жігіттің үйіне алып бара жатқан көлік кортежі Жамбыл даңғылындағы жол қозғалысына қауіп төндірген. Тәртіп сақшыларының мәліметінше, заңсыздықтар дер кезінде тоқтатылды.
«Рейд барысында Toyota, BMW, Mitsubishi, Volkswagen, Audi және Lada маркалы көліктердің 9 жүргізушісі әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оларға қатысты 13 хаттама толтырылды», — деп атап өтті полиция департаменті.
Тәртіп бұзушылардың тізімінде апаттық жағдай туғызу; Жолаушыларды тасымалдау ережелерін сақтамау; Қиылыстардан өту тәртібін бұзу секілді бірнеше айып бар.
Жамбыл облысының ПД жүргізушілерді жол ережесін сақтауға шақырады. Полиция департаменті мұндай фактілер қатаң бақылауда екенін және бейнебақылау жүйелері кез келген құқық бұзушылықты дер кезінде анықтауға мүмкіндік беретінін ескертті.