Қазақстанның үш қаласында ауа сапасы күрт нашарлайды

Автор: Дәулет Ботагөз

Атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттар жиналады

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

28 наурызда Қазақстанның үш қаласында қолайсыз метеорологиялық жағдайларға байланысты ауа сапасы нашарлайды. Синоптиктер тұрғындарға сақтық шараларын сақтауды ескертті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Қазгидромет» РМК-ға сілтеме жасап.

Қолайсыз метеожағдай деген не?

Мамандардың мәліметінше, Алматы, Астана және Павлодар қалаларында атмосфераның жерге жақын қабатында зиянды заттардың жиналуына ықпал ететін факторлар қалыптасады. Мысалы, желдің болмауы, тұман немесе инверсия. Бұл жағдайда қала үстіндегі түтін мен зиянды қалдықтар таралмай, ауада жиналып қалады.

Мамандардың кеңесі

Ауа сапасының бұзылуына байланысты мамандар қала тұрғындарына мынадай кеңестер берді:

1. Тас жолдар мен өндіріс орындарының маңында серуендемеуге тырысыңыз.

2. Өкпе, жүрек-қан тамырлары және аллергиясы бар адамдар далаға шыққанда қажетті дәрі-дәрмектерін бірге алып шыққаны абзал.

3. Үйдің терезелерін ашпаған жөн.