Тазалыққа жүздеген техника мен жұмысшы жұмылдырылды
Елорда коммуналдық қызметі қыс мезгілінен кейін қаланы ауқымды санитарлық тазалау жұмысын жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Астана қаласы әкімдігіне сілтеме жасап.
Осы ауқымды жұмыс аясында қалалық инфрақұрылымның әртүрлі нысандары тазаланып, жуылады: қоршаулар, аялдамалар, жарық бағаналары, жол белгілері, жолдар, тротуарлар және т.б. Сонымен қатар аула, скверлер, саябақтар және басқа да қоғамдық орындарда жөндеу-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде.
Қаланың барлық ауданында санитарлық тазалау жұмысы белсенді жүргізілуде. Нұра ауданында жергілікті аумақтарды тазалау және ретке келтіру бойынша жүйелі жұмыс жүріп жатыр. Жолдар жуылып, тротуарлар, көпірлер, аялдамалар және қалалық инфрақұрылымның басқа элементтері тазаланып жатыр.
Байқоңыр ауданында санитарлық тазалаумен қатар аула, сквер және саябақтарда жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталды. Балалар мен спорт алаңдары, қоқыс контейнерлері орналасқан орындар реттеліп, абаттандыру элементтері қалпына келтірілуде.
Есіл ауданында да көктемгі жөндеу-қалпына келтіру жұмысы басталды. Тас төсемелер қалпына келтіріліп, Д.Қонаев көшесіндегі тіреу қабырғасының үстіңгі тақталары жөнделуде. Күнделікті қалалық инфрақұрылымның кешенді жуу жұмысы жүргізілуде. Бұл жұмысқа 500-ден астам жол жұмысшысы мен 200-ден астам техника жұмылдырылған.
Сарайшық ауданында 200-ден астам арнайы техника мен 400 жол жұмысшысы жұмылдырылған. Қар шығару, құм-топырақ пен ірі қоқыстардан тазарту, жол жиегін жинау, тротуарлар мен көпірлерді жуу жұмысы жүргізіліп жатыр.