Бұған дейін Мысыр да «қауіпті» елдер қатарында болатын
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыс елдеріне сапар жоспарлап отырған азаматтарға арналған ұсынымдарын жаңартты. Ведомствоның ресми мәліметіне сәйкес, бұған дейін баруға кеңес берілмеген елдер тізімінен Мысыр Араб Республикасы шығарылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Мұндай шешім қазіргі жағдайды саралау, азаматтық инфрақұрылымның, халықаралық әуежайлардың тұрақты жұмыс істеуі және елдің негізгі туристік аймақтарындағы қауіпсіздік деңгейінің сақталуы негізінде қабылданған.
«Сонымен қатар Таяу Шығыстағы жағдайдың әлі де күрделі болып қалуына, сондай-ақ өңірдегі бірқатар елдердің әуе кеңістігінің уақытша жабылуына байланысты Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің толық тұрақтану кезеңіне дейін кез келген сапардан бас тарту жөніндегі ұсынымы мына елдерге қатысты күшінде қалады: Бахрейн, Израиль, Йемен, Иордания, Ирак, Иран, Қатар, Сауд Арабиясы Корольдігі, Кувейт, Ливан, Біріккен Араб Әмірліктері, Оман және Сирия», – деп мәлімдеді ҚР сыртқы саяси ведомствосы.
Аталған мемлекеттердің аумағында қазір жүрген Қазақстан азаматтарына жеке қауіпсіздік шараларын күшейтіп, қауіпті болуы мүмкін аймақтарға бармау ұсынылады.
Министрлік жергілікті билік органдарының талаптарын қатаң сақтаудың маңызын атап өтті. Оның ішінде зымырандық қауіп туындаған жағдайда дереу паналау орнына бару қажеттігі айтылды. Сондай-ақ шұғыл көмек алу үшін азаматтарға Қазақстанның шетелдегі мекемелерімен, туроператорлармен және әуе тасымалдаушыларымен тұрақты байланыста болу ұсынылды.