Бүгінге жоспарланған сот үкімі шықпады
Астанада бұрын бірге тұрған сүйіктісін өлтірген ер адамға қатысты іс сотта қаралып жатыр. Іс материалдарын зерттеген сот бірқатар маңызды дәлелдердің жетіспейтінін, ал сараптамалардың өзара сәйкес келмейтінін анықтаған,деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
27 наурызға жоспарланған үкім жарияланбады, себебі судья істегі деректерге қатысты күмән бар екенін айтты.
2025 жылғы 19 шілдеде елордада ауыр қылмыс тіркелген. Ер адам бұрын қарым-қатынаста болған әйелдің пәтеріне пышақ алып келген. Екеуінің арасында жанжал туындап, соның барысында әйелге пышақ жарақаттарын салған. Сол кезде пәтер ішінде балалар да болған, олар анасын құтқаруға тырысқан.
Оқиғадан кейін ер адам подъездегі балконға шығып, 25-қабаттан «секіріп кеткені» туралы ақпарат тарады. Ол үйдің жанында тұрған көліктің үстіне құлаған. Ауыр жарақат алған ол медициналық мекемеге жеткізілген.
Сонымен бірге сот барысында ер адамның нақты 25-қабаттан секіргені дәлелденбеген.
Ал әйел алған жарақаттарының салдарынан оқиға орнында көз жұмған. Оның артында екі баласы қалған.
Сот қандай шешім қабылдады
26 наурыз күні сотта тараптардың жарыссөзі өтті, одан кейін сот кеңесу бөлмесіне кетті.
Алайда сот қайта жалғасқанда бұған дейін Қуандық Бишімбаевқа үкім шығарған белгілі судья Айжан Күлбаева қосымша зерттеуді қажет ететін жайттар бар екенін айтып, сот тергеуін қайта бастау туралы шешім қабылдады.
Атап айтқанда, сот айыпталушының уақытша психикалық бұзылысқа ұшырағаны жөніндегі қорытындыны қайта қарау қажет деп есептейді. Судьяның пікірінше, сарапшылар қолданған тәсілдер күмән тудырады, себебі олардың қорытындылары 2025 жылғы 12 желтоқсанда тіркелген ер адамның негізгі функциялары сақталғаны туралы мәліметтерге қайшы келеді.
Сонымен қатар жәбірленуші тарап негізгі сараптамаға балама ретінде ғылыми-құқықтық талдау ұсынып, оның әдістемесіне күмән келтірген. Осыған байланысты сот сарапшыларды қайта сұрау қажет деп шешті.
Судья іс материалдарында ұялы телефондарды тексеру нәтижелері, хат алмасулар және бейнебақылау камераларының толық жазбалары жоқ екенін де атап өтті. Оның айтуынша, бұл тергеудің жан-жақты әрі толық жүргізілмегенін көрсетеді.
«Осыған байланысты сот тергеушіні жауапқа шақыру қажет деп санайды», — деді ол.
Айта кетейік, прокуратура айыпталушыны мәжбүрлі түрде емдеуге жіберуді талап етіп отыр. Ал марқұмның жақындары мұны оны жауапкершіліктен жалтарту әрекеті деп есептейді.