Жаңа Конституция мен жасанды интеллектке қатысты маңызды пікірлер айтты
Шымкентте ел экономикасын практикалық цифрлық және AI-трансформациялаудың жаңа ұлттық платформасына айналған Digital Qazaqstan 2026 халықаралық цифрлық форумы өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Digital Qazaqstan – Қазақстанда ресми түрде жарияланған Жасанды интеллект жылы аясындағы іс-шаралардың ауқымды сериясын ашатын алғашқы халықаралық оқиға. Жыл бойы ел аумағында технологияларды азаматтардың өміріне терең интеграциялауға бағытталған тағы да көптеген бастамалар жүзеге асырылмақ.
Биыл Digital Almaty халықаралық алаңы өңірлерді дамытуға және жасанды интеллектіні нақты секторға енгізуге бағытталған жаңартылған форматқа трансформацияланды. Форумның маңызды индустриялық орталық ретінде Шымкентте өткізілуі Қазақстанның технологиялық дамудағы өңірлердің рөлін күшейтуге және тұрақты цифрлық экожүйені қалыптастыруға бағытталған стратегиялық курсын айқындайды.
Іс-шараның негізгі тақырыбы – «Industry 5.0: Іс-қимыл бірлестігі» атты жаңа индустриялық дәуір. Оның тұжырымдамасы адам мен технологияның синергиясына негізделген, мұнда жасанды интеллект, деректер және робототехника өнімділікті арттыру мен тұрақты дамудың құралы ретінде қызмет етеді.
Мұнда адамдардың барынша қатысуына ерекше назар аударылған: форум ең алдымен, цифрландыру мен ЖИ-дің әрбір адамның мүмкіндіктерін кеңейтуге, таланттарды дамытуға және инклюзивті технологиялық орта құруға арналған, құрал екенін көрсетеді.
Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі, Шымкент қаласының әкімдігі және Astana Hub халықаралық инновациялық кластері ұйымдастырған форум мемлекет қайраткерлерін, халықаралық корпорациялар басшыларын, инвесторлар мен жетекші IT-сарапшыларды бір арнаға тоғыстырды. Цифрлық трансформация мен ЖИ келешегін талқылауға премьер-министрдің орынбасары - жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев, Freedom Holding Corp. CEO-сы Тимур Турлов, «Қазақтелеком» АҚ басқарма төрағасы Бағдат Мусин қатысып, цифрлық экономиканың дамуына мемлекеттік және корпоративтік көзқарастарын ұсынуда. Сондай-ақ пікірталасқа венчурлік нарық пен IT-индустрияның танымал көшбасшылары, соның ішінде MA7 Ventures негізін қалаушы Мұрат Әбдірахманов, Yandex Qazaqstan CEO-сы Тимур Шалекенов, Women in Tech Kazakhstan CEO-сы Әсел Болатжан және Booking.com әзірлеушісі Нарикби Мақсұт сынды халықаралық сарапшылар қосылды.
Жиында мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Жаңа Конституция мен «Digital Qazaqstan» стратегиясының іске асырылуына қатысты баяндама жасады.
Депутаттың айтуынша, жаңа Конституция мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметін түбегейлі жаңғыртып, жеке тұлғаның мүддесі үшін мемлекеттің қалай қызмет ете алатынын жаңаша айқындайды.
«Он екі күн бұрын еліміз жалпыұлттық референдумда азаматтардың басым көпшілігімен жаңа Конституцияны қабылдады. Ол осы жылдың 1 шілдесінде күшіне енеді. Жаңа Конституция мемлекеттік және қоғамдық институттардың қызметін түбегейлі жаңғыртады. Жаңа Конституцияның идеясы мемлекет жеке тұлғаның мүддесі үшін қалай қызмет ете алатынын жаңаша айқындайды. Бұл идеология Негізгі Заңның әрбір нормасын бір арнаға тоғыстырып тұрған негізгі ұстаным. Ұлттық коалицияның құрамында мен бірнеше аймаққа барып, жаңа Конституцияға деген халықтың үлкен қолдауының куәсі болдым. Бұл құжат, шын мәнінде, ел болашағы жайлы кең қоғамдық ойталқының басталуына түрткі болды. Бүгін сол шешімдерді іс жүзінде орындауға көштік», – деді депутат.
Оның айтуынша, 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» стратегиясы ауқымды цифрландыру мен жасанды интеллект технологияларын енгізуге бағытталған жалпыұлттық жоспар болып саналады.
«Біз 2029 жылға дейінгі «Digital Qazaqstan» – ауқымды цифрландыру және жасанды интеллект технологияларын жан-жақты енгізуге бағытталған жалпыұлттық стратегияны іске асыруды бастаймыз. Бұл екі құжат еліміздің алдағы жолын нақтылап отыр. Конституция жоғары құндылықтар мен орнықты қағидаттарды бекітеді, ал стратегия соларды жаңа технологиялық жағдайда іске асырудың нақты құралдарын айқындайды», – деді депутат.
Депутат XXI ғасырдағы деректер экономикасына көшуге ерекше мән берді.
«Біріншіден. Әріптестер, бізге XXI ғасырдың «жаңа мұнайы» саналатын деректермен жұмысты ұйымдастырудың тұтас моделі ұсынылуда. Жаңа терминдердің өзі-ақ қызығушылық тудырады: салалық деректер көлдерін қалыптастыру және деректер экономикасына көшу көзделіп отыр. Бұрын біз екі ұстанымның бірін ғана таңдауға мәжбүр едік: не прогресс, не консервативтілік. Қазір сол екеуін қатар ұстанатын кезеңге өттік. Бір жағынан, біз прогресс пен технологиялық жетістікке жағдай жасап жатырмыз. Екінші жағынан, біз ақпараттық қауіпсіздігімізге өте тиянақты ұстаным таңдап отырмыз. Жаңа Конституцияға сәйкес, адами капиталды дамыту, білім беру, ғылым және инновациялар мемлекеттің стратегиялық басым бағыттары ретінде айқындалған. Ата Заңда жеке деректерді заңсыз жинаудан, өңдеуден, сақтаудан және пайдаланудан, оның ішінде цифрлық технологиялар арқылы, қорғауға тікелей кепілдік берілген. Мемлекеттің цифрлық платформасы – Конституцияда бекітілген барлық нормаларды жүзеге асырудың ең заманауи, ыңғайлы және ашық тәсілі. Бұл әрбір азаматтың көзқарасын естуге және мемлекеттің тиімді және жауапты болуына мүмкіндік беретін құрал», – деді депутат.
Сонымен қатар ол адами капиталды дамыту мен білім беру саласына назар аударды.
«Екінші мәселе – адами капиталды дамыту. Президент әлеуметтік саладағы әрбір бюджет теңгесінің тиімділігін арттыруды тұрақты түрде көтеріп келеді. Бұл бағытта салалық мемлекеттік органдар ауқымды жоспарлар белгілеген. Білім беруді цифрландыру және оқу үдерісіне жасанды интеллект енгізу кеңінен талқылануда. Ата Заң әр азаматтың тегін орта білім алуына кепілдік береді. Сондықтан мемлекет үшін басты міндет – білімге қолжетімділікті ғана емес, оның сапасын және уақыт талабына сәйкестігін қамтамасыз ету, соның ішінде жаңа цифрлық экономикаға лайық кадрлар даярлау. Цифрлық денсаулық сақтау бойынша жасанды интеллекттің қолданылуы – диагноз қою мен ресурстарды басқарудағы нақты шешім. Бұл жерде ЖИ сән үшін емес, сыни ойлау үшін, жүйенің сапасы мен тиімділігін арттыру үшін енгізілген құрал екенін ескеру керек. Бұл әсіресе шалғай ауылдардың тұрғындары үшін маңызды, олар телемедицина арқылы жетекші мамандардан кеңес ала алады», – деді депутат.
Депутат цифрлық реттеу мен киберқауіпсіздік мәселелерін де атап өтті.
«Бүгін цифрлық реттеу мен киберқауіпсіздік мәселелері де жан-жақты қаралуда. Цифрлық ортада бұл дербес деректерді қорғау, кибербуллинг пен алаяқтыққа қарсы күрес қажеттілігімен тікелей байланысты. Бұл бағытта заңнамалық негіз қалыптасқан: елімізде Цифрлық кодекс қабылданды. Енді осының негізінде құқықтық тәжірибені дамытып, киберқауіпсіздік шараларын тұрақты жетілдіру маңызды», – деді депутат.
Депутат сөзін қорытындылай отырып, жаңа Конституция мен «Digital Qazaqstan» стратегиясының еліміздің дамуына бағытталғанын атап өтті.
«Қорытындылай келе, Жаңа Конституция цифрлық трансформацияны айтумен шектелмей, оны іске асырудың барлық тетігін іске қосады. Конституция деректер мен технологиялар арқылы «Әділетті Қазақстан» моделіне өтуді заңдастырып қана қоймай, оны жеделдетеді. Бүгін талқыланатын білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қолдау салаларын цифрландыруға бағытталған барлық бастама мемлекетті әрбір азамат үшін тиімді, проактивті әрі әділетті етуге бағытталған. Сонымен қатар технологиялық егемендік пен қауіпсіздіктің шекаралары айқындалады. Конституция бізге қорғалған цифрлық инфрақұрылым жасақтауға негіз қалыптастырады. Бұл ретте кез келген алгоритмдер мен жасанды интеллект жүйелерін енгізу ашық, этикалық болуы және адам құқықтарын бұзбауы тиіс. Жаңа Конституция мемлекет пен қоғам арасындағы жаңа әлеуметтік келісімшартты қамтамасыз етті. Ол қарқынды, әділ және прогрессивті мемлекет үшін қызмет етеді. Ал «Digital Qazaqstan» стратегиясы - бұл сөзді іспен дәлелдеуге арналған нақты жоспар. Жасанды интеллект дәуірінде Қазақстанның диджиталда оянған азаматтарын адастырмайтын компас іспетті», – деді депутат.
Бағдарлама өнеркәсіп пен мемлекеттік басқаруға AI-шешімдерді енгізудің негізгі сценарийлерін қамтиды. Digital Qazaqstan 2026 – бұл Қазақстан өңірлері жалпыұлттық цифрлық қозғалысқа қосылып, тәжірибе алмасатын біртұтас кеңістік. Форум аясында өнеркәсіпте, мемлекеттік қызметтерде және әлеуметтік салада AI-шешімдерді енгізудің үздік тәжірибелерін марапаттайтын Digital Qazaqstan Awards ұлттық сыйлығы таныстырылды.
Форумның интерактивті аймақтарында робототехника мен автономды жүйелер саласындағы технологиялық жетістіктер, сондай-ақ отандық әзірлеушілердің перспективалы шешімдері көрсетілуде.
Айта кету керек, 2026 жылғы форумды ұйымдастыру мемлекеттік бюджеттен тыс, толығымен серіктестердің қолдауы мен демеушілік қаражат есебінен іске асырылды.
Форумның бас серіктесі – Freedom Bank – Freedom Holding Corp. құрамына кіретін жеке және корпоративтік клиенттерге арналған қазақстандық цифрлық банк. Банк Қазақстанда бірінші болып ипотеканы, авто және бизнес-несиелерді цифрландырды, сондай-ақ елдегі алғашқы INVEST CARD инвестор картасын шығарды.
Платина серіктесі – Alageum Electric – электр энергетикасы, машина жасау және инфрақұрылымдық құрылыс саласындағы 30-дан астам кәсіпорынның басын біріктіретін Қазақстанның ірі электротехникалық компаниялар тобы.
Алтын серіктесі – Қазақтелеком. Инновациялық серіктестер – WSE, Damumed. Серіктес – Visa.