Жалған «жеңілдік» қымбатқа түсті: телефонға түскен қоңырау 5 млн теңгеден айырды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Алаяқтар «Қазақтелеком» атын жамылып, тұрғынның телефонына қол жеткізген

Фото: istockphoto.com

Ақмола облысының Бурабай ауданында алаяқтардың айласынан әйел 5 млн теңгесінен айырылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Nofake.kz дерегінше, 18 наурыз күні белгісіз адам өзін «Қазақтелеком» АҚ қызметкері ретінде таныстырып, интернет қызметіне жеңілдік ұсынамын деп сендірген. Ол қосылу үшін белгілі бір әрекеттерді орындауды өтініп, арнайы файл жіберген.

Жіберілген файлды ашқаннан кейін жәбірленушінің мобильді құрылғысы істен шығып, басқарудан тыс қалған. Қауіптенген әйел банк қосымшаларына кіруді бұғаттауға тырысқанымен, бұл әрекет кеш болған. Осы сәтті пайдаланған алаяқтар құрылғыға толық қол жеткізіп, депозит шотындағы қаражатты үшінші тұлғалардың есепшоттарына аударып үлгерген.

Полиция мәліметінше, ақша аударылған шот иелері анықталған. Қазір оқиғаға қатысты тергеу және жедел-іздестіру шаралары жүргізіліп жатыр.