Тоқаев ЕАЭО техникалық талаптарын бақылау жүйесін күшейтетін заңға қол қойды

Автор: Мөлдір Қазыбай

Одаққа сай келмейтін өнімнің нарыққа шығуына тосқауыл күшейеді

Фото: Ақорда

Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Еуразиялық экономикалық одақ аясындағы техникалық регламенттердің сақталуын бақылауға қатысты хаттаманы ратификациялады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бұл туралы Ақорда мәлімдеді. Құжат ЕАЭО кеңістігінде өнім қауіпсіздігіне қойылатын талаптарды біріздендіріп, бақылау тетіктерін нақтылауды көздейді.

"Мемлекет басшысы "Еуразиялық экономикалық одақтың техникалық регламенттері талаптарының сақталуына мемлекеттік бақылауды (қадағалауды) Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің көрсетілген саладағы заңнамасын үйлестіру мақсатында жүзеге асыру қағидаттары мен тәсілдері туралы келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы" Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды", – делінген хабарламада.

Құжатқа сәйкес, Еуразиялық экономикалық одақ елдері арасында талапқа сай келмейтін өнім туралы ақпарат алмасу жүйесі күшейтіледі. Бұл ішкі нарыққа қауіпті немесе стандартқа сәйкес емес тауарлардың енуін алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар, одақтың нормативтік-құқықтық актілерінде және ұлттық заңнамада нақты анықталмаған «қауіпті өнім» ұғымы қайта қаралды. Енді бұл термин «одақ техникалық регламенттерінің талаптарына сәйкес келмейтін өнім» деген нақты анықтамамен алмастырылды.

Жаңа нормалар техникалық реттеу саласындағы құқықтық олқылықтарды жойып, мүше мемлекеттер арасындағы бақылау жүйесін үйлестіруге мүмкіндік береді.