Павлодарда Cadillac Escalade көлігінің 34 млн теңгеден астам «қарызы бар» болып шықты

Автор: Асыл Арман

Автокөлік арнайы тұраққа қойылды

Фото: istockphoto.com

Павлодар облысында жүргізушінің 34 млн теңгеден астам қарызы бар екені анықталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Павлодар облысында қарызы бар тұрғындарды анықтауға бағытталған ауқымды рейдтер жүріп жатыр. Патрульдік полиция қызметкерлері прокуратура және сот орындаушыларымен бірлесіп «Борышкер» профилактикалық іс-шарасын жүргізуде. Негізгі мақсат – әкімшілік қаулылардың орындалуын қамтамасыз ету және берешектерді өндіру.

«Көлік ағынында Cadillac Escalade маркалы көлік анықталып, тоқтатылды. Тексеру барысында аталған автокөлік иесі болып саналатын ұйымның 34 миллион теңгеден астам өтелмеген қарызы бар екені белгілі болды. Жеке сот орындаушысының қаулысы негізінде автокөлік арнайы тұраққа қойылды», – деді Павлодар қаласы ПБ патрульдік полиция батальоны қызметінің инспекторы Жандос Мейрамғазы.

Полиция азаматтарға әкімшілік айыппұлдар мен өзге де берешектерді уақытылы төлеу қажеттігін ескертеді. Бұл мүлікті мәжбүрлеп тәркілеу мен көлікті арнайы тұраққа қоюдың алдын алуға мүмкіндік береді.