Алматыда түнгі жарыстар мен қауіпті жүргізу деректері тоқтатылды
Алматы қаласында жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілері, оның ішінде қауіпті жүргізу және түнгі жарыстар көбейіп келеді. Осыған байланысты қалалық Полиция департаменті ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Алматы қаласы Полиция департаментінің мәліметінше, жолдағы жағдайды тұрақтандыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу мақсатында саптық бөлімшелер тарапынан рейдтік іс-шаралар жүргізілуде.
«Соңғы үш тәулік ішінде қала жолдарында 5 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу дерегі анықталды. Мас күйінде көлік басқарған 43 жүргізуші ұсталып, барлығы көлік басқару құқығынан шеттетілді. Сонымен қатар, 369 азаматтың көлікті тиісті құжаттарсыз басқарғаны белгілі болды. 94 автокөлік арнайы айып тұрағына қойылды.
Полиция қызметкерлері қауіпті жүргізу, оның ішінде түнгі жарыстар деректерін анықтап, жолын кесті. Бұдан бөлек, жылдамдықты шамадан тыс арттырудың 2 мыңнан астам фактісі тіркелді», – делінген ПД хабарламасында.
Ведомство мәліметінше, кейбір жүргізушілер өз құқық бұзушылықтарын әдейі бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желілерде жариялау арқылы жазасыздық сезімін қалыптастыруға тырысады. Алайда әрбір осындай жағдай бақылауда, құқық бұзушылар анықталып, заң аясында жауапкершілікке тартылады.