АҚШ ұсынысын қабылдамаған Иран келіссөз тек өз талаптары толық орындалса ғана басталатынын мәлімдеді
Иран АҚШ-пен қақтығысты тоқтату тек Тегеран ұсынған талаптар негізінде ғана мүмкін екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
РИА Новости дерегінше, Иран билігі қарсы тараптың ұсынысын қабылдамай, бітімге келудің нақты шарттарын жариялаған. Тегеран ұстанымы бойынша, келіссөздер тек осы талаптардың барлығы орындалған жағдайда ғана басталмақ.
Иран алға тартқан негізгі талаптардың бірі – қарсы тараптың «агрессиясы мен адам өлтіру әрекеттерін» толық тоқтату. Сонымен қатар, ресми Тегеран ел аумағында соғыстың қайта тұтануына жол бермейтін нақты әрі тиімді тетіктердің құрылуын талап етеді.
Бұдан бөлек, Иран әскери шығындар үшін өтемақы мен репарациялардың толық әрі нақты төленуіне кепілдік беруді міндетті шарт ретінде қарастырады. Сондай-ақ, аймақтағы барлық майдандарда және оған қатысқан қарулы топтар үшін соғыстың толық тоқтауы талап етіледі.
Тегеран үшін маңызды талаптардың тағы бірі – Ормуз бұғазы үстіндегі егемен құқықты халықаралық деңгейде мойындату және оған нақты кепілдік алу.
Иран тарапы келіссөздер осы шарттар толық қабылданғанға дейін басталмайтынын кесіп айтты. Сонымен бірге, ресми тұлғалар қорғаныс сипатындағы әскери операциялар талаптар орындалғанға дейін жалғасатынын жеткізді.
Осылайша, Тегеран Вашингтонға соғыстың аяқталу мерзімін біржақты белгілеуге мүмкіндік бермейтінін де ашық аңғартты.