Елімізде шетелдік студенттер саны 100 мыңға дейін жетуі мүмкін

Автор: Дәулет Ботагөз

Отандық университеттерді халықаралық стандарттарға сай бейімдеу жоспарланып отыр

Фото: pixabay

Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек еліміздегі жоғары білім беру саласындағы ауқымды өзгерістер туралы мәлімдеді. Шетелдік студенттер санын 100 мыңға жеткізу және отандық университеттерді халықаралық стандарттарға сай бейімдеу жоспарланып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазіргі уақытта Қазақстанда 35 мыңнан астам шетелдік студент білім алып жатыр. Министр Jibek joly телеарнасына берген сұхбатында бұл көрсеткішті еселеудің негізгі тетігі ретінде әлемдік жетекші университеттердің бөлімшелерін ашуды атап өтті.

«Президенттің тікелей тапсырмасымен басталған бұл бастама аясында біз тек бес ЖОО-мен шектелмей, әр өңірдегі мемлекеттік университеттер базасында филиалдар ашуды көздеп отырмыз», — деді Саясат Нұрбек.

Мысалы, Астанадағы Кардифф университетінің филиалында IELTS көрсеткіші 7,5-тен жоғары 317 студент оқып жатыр.

Министрдің сөзінше, шетелдік серіктестермен жұмыс істеу жергілікті оқу орындарының деңгейін көтеруге мүмкіндік береді.

Heriot-Watt University мен Жұбанов университетінің 4 жылдық ынтымақтастығы осыған дәлел.

Бейімдеу кезеңі кемінде 5-10 жылға созылады.

Еліміздегі «Назарбаев Зияткерлік мектептері» мен «Нұрорда» түлектері әлемнің ондаған үздік ЖОО-ларынан шақырту алады. Бұл — жоғары адами капиталдың көрсеткіші. Алайда, министрлік бұл таланттарды елде қалдыру үшін тиісті жағдай жасауды көздеп отыр.

2026 жылы бөлінетін гранттар туралы мәлімет:

1. Бакалавриатқа 72 мыңға жуық грант бөлінеді.

2. Басым бағыттар: Инженерлік-техникалық мамандықтар, педагогика және IT.

3. Жасанды интеллект — болашақтың стратегиялық технологиясы ретінде басты назарда.

Соңғы бес жылда гранттар саны екі есеге артып, тұрақты деңгейде (жылына 90 мыңнан астам) сақталып келеді.