Жетісу облысында 13 пәтерді тонаған қылмыстық топ қолға түсті

Автор: Дәулет Ботагөз

Олар тұрғындарға 23 млн теңге материалдық шығын келтірген

Фото: polisia.kz

Жетісу облысының полицейлері өңір аумағында пәтер ұрлығымен айналысқан екі күдіктіні қолға түсірді. Олар бірнеше ауданды шарлап, тұрғындарға материалдық шығын келтірген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жедел-іздестіру шараларының нәтижесінде 29 және 35 жастағы екі ер адам ұсталды. Тергеу мәліметтеріне сәйкес, олар 2025 жылдың желтоқсанынан бастап 2026 жылдың 19 наурызына дейін 13 ұрлық жасаған.

Қылмыстық істер тіркелген аудандар:

Ескелді ауданы – 6 дерек;

Алакөл ауданы – 3 дерек;

Көксу және Ақсу аудандары – әрқайсысында 2 деректен.

Күдіктілер барлық жағдайда бір ғана жоспар бойынша әрекет еткен. Олар үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, пластик терезелерді ашу арқылы үйге кірген.

«Жәбірленушілерге келтірілген жалпы шығын көлемі шамамен 23 млн теңгені құрайды. Құрықтау кезінде күдіктілерден айғақты зат ретінде ұрланған алтын бұйымдар тәркіленді», — деді мекеме өкілдері.

Қазіргі таңда аталған деректер бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полиция олардың өзге де ұқсас қылмыстарға қатыстылығын тексеріп жатыр.