Жолдың бұл бөлігінде көлік қозғалысы шектелген
Ақтоғай ауданында төрт жеңіл көлік батпаққа батып, шыға алмай қалған. Оқиға орнына Төтенше жағдайлар министрлігінің мамандары жедел жетіп, көмек көрсетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Төтенше жағдай туралы хабарлама «112» пультіне Айыртас ауылынан 35 шақырым жердегі жолдан түскен. Жауын-шашын мен қардың еруі салдарынан жолдың бұл бөлігінде көлік қозғалысы шектелген.
Көліктерде барлығы 18 адам болған; ТЖМ құтқарушылары батпақта тұрып қалған темір тұлпарларды қауіпсіз жерге сүйреп шығарды; Зардап шеккендер жоқ, медициналық көмек ешкімге қажет болмады.
Мамандар еліміздегі ауа райының құбылмалылығы мен көктемгі су тасқыны кезеңін ескере отырып, қазақстандықтарға маңызды ескерту жасады.
«Алыс аудандарға шықпас бұрын міндетті түрде ауа райы болжамы мен жолдардың жай-күйін біліп алған жөн. Мүмкіндігінше тас жолы жоқ жерлермен жүруден аулақ болыңыз», — деп ескертті мекеме өкілдері.