Ер адамды құтқарушылар тауып, дәрігерлерге жеткізді
Абай облысында құтқарушылар аяғы сынған күйі бес тәулік бойы далада жатқан ер адамды тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚР ТЖМ баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, 17 наурыз күні Абай ауданының тұрғыны жылқымен мал іздеуге шығып, қайта оралмаған. Телефоны сөнулі болып, нақты қай жерде екені белгісіз болған.
Іздеу жұмыстарына жол талғамайтын техникамен ТЖМ қызметкерлері, полиция және жоғалған адамның туыстары жұмылдырылды.
«Бүгін таңертең іздестіру тобы ер адамды далада тапты. Малшыға ыстық шай беріліп, жарақаттанған аяғы таңылды және медициналық көмек көрсету үшін Ақшоқы ауылына жеткізілді», – делінген хабарламада.
Белгілі болғандай, алғашқы күні-ақ малшының жылқысы құлап қалған. Жануарға көмектеспек болған сәтте малшыны жылқы басып қалып, аяғы сынған. Кейін жылқы орнынан тұрып кетіп, иесін жалғыз қалдырған. Осы бес күн бойы ер адам қар жеп, шөлін басып жан сақтаған. Оны үсік шалмауына ауа райының салыстырмалы түрде жылы болуы себеп болған.