Мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи ордені енгізіледі

Автор: Дәулет Ботагөз

Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға беріледі

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Түркістан облысының жұртшылығымен кездесуде сөз сөйлеп, Қожа Ахмет Ясауи ордені беріле бастайтынын айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Ақордаға сілтеме жасап.

«Ата заңда Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұраның сақталуына қамқор болуға, тарих пен мәдениет ескерткіштеріне ұқыпты қарауға міндетті деп тайға таңба басқандай жазылды. Бұл тарихи жәдігері мол  Түркістан халқы үшін маңызды жаңашылдық деп ойлаймын», – деді президент.

Огың сөзінше, бірегей болмысы мен төл мәдениетіне табан тіремеген ел дамудың даңғыл жолына түсе алмайды. 

«Біз, елімізде тұрып жатқан біртұтас қазақ халқы, жаңа Ата заңды бағдар етіп ұстап, жұдырықтай жұмылып, мемлекеттілігімізді одан әрі нығайта беруіміз керек. Осы сәтті пайдаланып, тағы бір маңызды мәселені көтерейін деп отырмын. Мен Ұлттық құрылтайдың отырысының бірінде әйгілі Қожа Ахмет Ясауи туралы айттым. Бұл – бүкіл жер жүзіндегі адамзатқа ортақ ғұлама, оны бәріміз ең алдымен қазақ халқының мақтанышы ретінде қабылдауымыз керек», – деді ол.

Президенттің сөзінше, Қожа Ахмет Ясауиді әлемнің әрбір түкпірінде, әсіресе, ірі мемлекеттерде кең ауқымда дәріптеуіміз қажет, бірақ ең біріншіден Қазақстанның жұртшылығына танымал етуіміз керек. 

«Осы тарихи тұлғаға жоғары сапалы туындыларды және фильмдерді арнауымыз керек. Еліміздің әрбір облысында Қожа Ахмет Ясауидің бірегей зияткерлік мұрасына арналған оқуларды ұйымдастыру қажет. Мен жақын арада мемлекеттік наградалар қатарына Қожа Ахмет Ясауи орденін енгізу жөнінде Жарлыққа қол қоямын. Бұл жоғары марапат белгілі отандық және шетелдік ғалымдарға, мемлекет және қоғам қайраткерлеріне тапсырылады. Бұл орденнің мәртебесі жоғары болуға тиіс», – деді президент.

Мемлекет басшысы Қазақстанды шын мәнінде Өркендеген және Озық ел ету үшін ауқымды әрі жүйелі жұмыс қолға алынғанын айтты.

«Қазір арқаны кеңге салатын заман емес. Әлемдік және аймақтық бәсеке күшейіп бара жатыр. Біз Қазақстанды шын мәнінде Өркендеген және Озық ел ету үшін ауқымды әрі жүйелі жұмысты қолға алдық. Қазірдің өзінде бұл жұмыс нақты нәтижесін беріп жатыр. Мысалы, соңғы екі жыл қатарынан өңдеу өнеркәсібінің өсімі 6 пайыздан асты. Үкіметтің дерегіне сәйкес, былтыр елімізде 190 кәсіпорын ашылып, 22 мыңнан астам адам жұмыспен қамтылды», – деді Тоқаев.

Оның сөзінше, былтыр ауыл шаруашылығы саласында 250 өндіріс іске қосылды. Ауылдағы шаруаларға жағдай жасау үшін мемлекет бюджетінен 1 триллион теңгеден астам субсидия бөлінді. Мұндай қолдау Тәуелсіздік тарихында бұрын-соңды болмаған. 

«Алайда, біз ауыл шаруашылығының тиімділігін күшейтуіміз керек. Бұл саладағы өндірістің құнын ұлғайту қажет. Биыл 222 су шаруашылығы нысаны салынып, жаңғыртылып жатыр. Еліміздегі 37 жылу электр станциясы жөнделуде. Сонымен қатар Көкшетау, Семей және Өскемен қалаларында жаңа жылу электр станциялары салынатын болады. Биыл 440 қосалқы станция және 17 мың шақырымнан астам электр желісі жаңартылады. Былтыр 1500 шақырым темір жол салынып, жөндеуден өтті. Бұл да  рекордтық көрсеткіш. Биыл 3700 шақырымнан астам жаңа теміржол желісі төселіп, іске қосылады», – деді ол.

Ал автокөлік жолдарына келсек, былтыр жалпы ұзындығы 13 мың, соның ішінде жергілікті маңызы бар 3 мың шақырым тас жол жөндеуден өтті.

Биыл тағы 2300 шақырымға созылатын жергілікті жолдар жаңғыртылады. Алдағы үш жылдың ішінде 32 мың шақырым жол нормативтік талапқа сай жөнделеді. 

«Жол – стратегиялық мәні айрықша мәселе, себебі, сапалы жол болса, жұртымыз тұрмыс-тіршілігін жақсартып, кәсібін дамыта алады, бұл белгілі нәрсе», – деді президент.

 

Алайда, біз бұдан да биік мақсаттарға қол жеткізуіміз керек. Жаңа Конституциямыз жаңа жетістіктерге жол ашып, зор табысқа жетуімізге кепіл болары анық. Мен бұған кәміл сенемін». 

 

t.me/aqorda_resmi