Мемлекет басшысының атына шет елдер мен халықаралық ұйымдардан құттықтаулар келіп түсті
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына Ораза айт мерекесіне орай бірқатар шет мемлекет басшылары мен халықаралық ұйым жетекшілерінен құттықтау жеделхаттары жолданды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Ақорданың мәліметінше, барша мұсылман қауымы үшін қасиетті саналатын мереке қарсаңында Мемлекет басшысын бірқатар ел көшбасшылары құттықтаған. Олардың қатарында Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон, Түрікменстан Президенті Сердар Бердімұхамедов, Түркия Президенті Режеп Тайип Ердоған және Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев бар.
Сондай-ақ Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Сауд пен Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман, Біріккен Араб Әмірліктерінің Президенті шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаян, Дубай Әміршісі Мұхаммед бен Рашид Әл Мактум және басқа да жоғары лауазымды тұлғалар құттықтау жолдаған.
Бұдан бөлек, Иордания Королі II Абдалла, Палестина Президенті Махмұд Аббас, Мысыр Президенті Әбдел Фаттах Ас-Сиси, Алжир Президенті Әбделмәжид Теббун, Үндістан Премьер-министрі Нарендра Моди, Пәкістан Премьер-министрі Шахбаз Шариф және өзге де мемлекет басшылары жылы лебізін білдірген.
Халықаралық ұйымдар тарапынан да құттықтаулар келіп түсті. Атап айтқанда, Ислам ынтымақтастығы ұйымының бас хатшысы Хиссейн Брахим Таха, Түркі мемлекеттері ұйымының бас хатшысы Кубанычбек Өмірәлиев, ИСЕСКО бас директоры Салим бен Мұхаммед әл-Малик жеделхат жолдаған.
Ақорданың хабарлауынша, Қасым-Жомарт Тоқаевтың атына құттықтау жеделхаттары әлі де келіп түсіп жатыр.