Алатау қаласын басқару кеңесіне кімдер кіреді – Қанат Бозымбаев жауап берді

Автор: Аягөз Құрмаш

Шетелдік мамандар тек кәсіби сараптама мен тәжірибе алмасу мақсатында тартылған

Фото: istockphoto.com

Премьер–министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласын басқару кеңесіне кімдер кіретінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Жобаға шетелдік мамандар қатысады, бірақ негізгі басқару тетіктері Қазақстан азаматтарының бақылауында болады.Бұл құрамға ең білікті мамандар тартылады. Жоғары біліктілігі мен тәжірибесіне байланысты шетелдік сарапшылар, соның ішінде архитекторлар, инженерлер және технология саласының мамандары, шақырылады. Дамыған елдерден тартылатын мұндай мамандардың негізгі мақсаты – озық тәжірибе мен технологияларды енгізу», – деді Бозымбаев Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.

Ол атағандай, басшылық толықтай шетелдік тарапқа өтпейді.

«Құрамдағы негізгі шешім қабылдайтын тұлғалар – Қазақстан азаматтары. Кеңестің басым бөлігі отандық мамандардан құралады. Кеңес құрамына міндетті түрде премьер-министр, Парламент палаталары төрағаларының орынбасарлары және Ұлттық банк төрағасы сияқты жоғары лауазымды мемлекеттік тұлғалар кіреді. Қалған мүшелерді президенті өзі іріктейді және бекітеді.Осылайша, шетелдік мамандар тек кәсіби сараптама мен тәжірибе алмасу мақсатында тартылғанымен, басқару және бақылау функциялары толықтай ұлттық деңгейде сақталады», – деді ол.