Кез келген азамат Алатау қаласына келіп, инвестор бола алады – Бозымбаев

Ол адамдардың құқығы сақталатынын айтты

Кез келген азамат Алатау қаласына келіп, инвестор бола алады – Бозымбаев
Фото: Ақорда

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев Алатау қаласының арнайы мәртебесіне қатысты жаңа тетік елдегі конституциялық қағидаттарға, оның ішінде құқықтық теңдік пен азаматтардың құқықтарын сақтау принциптеріне қайшы келмейтінін айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бұл елімізде бұрыннан жұмыс істеп келе жатқан арнайы экономикалық аймақтардың логикасына ұқсас модель.

«Қазіргі таңда Қазақстанда бірнеше арнайы экономикалық аймақтар бар, олардың әрқайсысында инвесторларға белгілі бір салықтық және әкімшілік жеңілдіктер қарастырылған. Павлодар немесе Қарағанды сияқты өңірлерде де осындай тетіктер қолданылады.Айырмашылығы – Алатау қаласы жағдайында өңірдің өзі өз экожүйесін қалыптастырып, цифрлық және құқықтық нормаларды енгізу мүмкіндігіне ие болады. Дегенмен, бұл Қазақстан азаматтарының құқықтары мен бостандықтарына әсер етпейді», – деді ол Парламент палаталарының бірлескен отырысының кулуарында.

Қанат Бозымбаев атағандай, азаматтардың ел аумағында өмір сүру, сайлау және сайлану сияқты негізгі құқықтары толық сақталады.

«Заңнама аясында кез келген азаматтың құқықтарына қол сұғылмайды. Қазақстанның кез келген азаматы өз жобасын ұсынып, Алатауда оны жүзеге асыра алады. Егер де оның даму жоспары талапқа сай келсе, шектеу жоқ. Сонымен қатар, үкімет бұл тәжірибені жалғастыру және дамыту мәселесін қарастырып отыр. Алатау қаласы белгілі бір кезеңде халықаралық стандарттарды, құрылыс және пайдалану саласындағы жаңа тәсілдерді сынақтан өткізетін алаң ретінде қарастырылады.Бұл жоба – эксперименттік платформа. Мұнда тиімділігі дәлелденген озық тәжірибелер кейін басқа өңірлерге де енгізілуі мүмкін. Осылайша, жаңа модель тек инновациялық тәсілдерді сынақтан өткізуге мүмкіндік беріп қана қоймай, тиімді шешімдерді бүкіл ел бойынша кеңейтуге жол ашады», – Қанат Бозымбаев.