Алатау қаласы оффшорлық аймаққа айнала ма: Бозымбаев инвесторлардың мүмкіндігі жайлы айтты

Автор: Асыл Арман

Инвесторларға жеңілдіктер жасалатыны белгілі болды

Фото: alataunews.kz

Вице-премьер Қанат Бозымбаев Алатау қаласының болашағы, инвесторларға берілетін мүмкіндіктер жайлы түсіндіріп берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Үкімет басшысының орынбасары өз сөзінде Алатау қаласында инвесторларға жеңілдіктер берілетіні туралы мәлім етті.

«Алатау қаласы оффшорлық аймақ болмайды. Алатау қаласының аумағында ғана қызмет ететін компаниялар ғана преференцияға, яғни жеңілдіктерге ие бола алады. Барлық жеңілдік бизнес лицензиясында рәсімделген, ол қала әкімшілігінің тарапынан беріледі. Оларда бір жағынан жеңілдік, ал екінші жағынан тиісті міндеттері болады, яғни қанша жұмыс орны, салық мөлшері, фабрика-зауыт, қонақ үй немесе әлеуметтік мекеме сияқты нысандарды салуға қанша уақыт кететіні көрсетіледі. Сол себепті ол жақта ешқандай проблема жоқ», – дейді Қанат Бозымбаев.

Ол өз сөзінде инвесторлардың жұмыс барысын бақылап отыратын арнайы ақпараттық жүйе болатынын, оның қолжетімділігі жайлы түсіндіріп өтті.

«Сонымен қатар, ақпараттық жүйе ашуды жоспарлап отырмыз, онда кез келген инвестордың жылдар бойы атқарған міндеттерінің қалай жүзеге асырылып жатқаны көрінеді. Ал ол ресурсқа кез келген азамат кіріп, жағдай қалай жүріп жатқанын біле алады», – дейді вице-премьер.