Абай облысындағы шахтада жазатайым жағдай: газдан уланған жұмысшылардың бірі қаза тапты

Автор: Мөлдір Қазыбай

Абай облысындағы Орлов шахтасында болған апаттан 1 адам көз жұмып, 2 адам ауруханаға жеткізілді

Фото: freepik.com

Абай облысындағы Орлов шахтасында болған жазатайым оқиға салдарынан 1 жұмысшы қаза тауып, тағы 2 адам зардап шекті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Өңірлік полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, қайғылы жағдай Бородулиха ауданында 18 наурыздан 19 наурызға қараған түні тіркелген. Алдын ала деректерге сәйкес, шахтаның бір учаскесінде жүргізілген жарылыс жұмыстарынан кейін көмірқышқыл газының мөлшері күрт артқан.

19 наурыз күні таңертең жоспарлы тапсырманы орындау үшін ұңғымаға түскен 2 жұмысшы ес-түссіз күйде табылған. Оларға көмек көрсетуге барған учаске бастығы да газға уланып қалған.

Барлық зардап шеккендер жедел түрде жер бетіне шығарылған. Олардың бірі оқиға орнында көз жұмса, қалған 2 адам аудандық ауруханаға жеткізілген.

Қазіргі уақытта оқиға орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Қайғылы жағдайдың нақты себептері мен мән-жайы анықталуда.