«Біздің қолымыздан келмей ме?»: президент елде сана революциясын жасау керегін айтты

Автор: Аягөз Құрмаш

Президент ұлттың менталитетін өзгерту керек дейді

Фото: Ақорда

Мемлекет басшысы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да ғылыми қоғамдастықпен кездесуде кәсіптік, ғылыми, инженерлік-техникалық мамандарды сапалы даярлауға күш салудың маңызына тоқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Өздеріңізге мәлім, осы жылды «Цифрландыру және жасанды интеллект жылы» деп жарияладым. Яғни Қазақстанды ғылыми-технологиялық тұрғыдан дамытып, техника мен өндірістік процестерді арттыру үшін шара қабылдауымыз керек. Менің ойымша, бізде заңгерлер, филологтар мен дипломаттар, яғни, гуманитарлық сала мамандары өте көп. Ұлттың менталитетін өзгертуіміз керек. Ал ол қалай өзгереді? Ол үшін ғылым мен технологияға мойын бұруымыз қажет. Бұл біздің қолымыздан келмей ме? Қазақстанда тура мағынасында сана революциясын жасауымыз керек деп ойлаймын», - дейді Тоқаев.

Ол осы орайда университеттердің ерекше миссиясын атап өтті.

«Олар білімді, парасатты, елдің келешегі үшін жауапкершілік арқалай алатын азаматтардың жаңа буынын тәрбиелеп шығаруда айрықша рөл атқарады. Мемлекеттің зияткер қауымы университет қабырғасында қалыптасады. Білім беру саласын әлеуметтік қызмет ретінде қабылдау дұрыс емес. Қазіргі құбылмалы әлемде білім маңызды өндірістік күшке айналды. Жастарымыздың ғылымға, инновациялық кәсіпкерлікке, озық цифрлық дағдыларды меңгеруге қызығушылық танытатыны қуантады. Мемлекеттің міндеті – жастарды сапалы біліммен қамтамасыз ету, олардың заманауи ғылыми базада жұмыс істеуіне, дүние жүзімен академиялық байланыс орнатуына жағдай жасау. Көп ұзамай Жасанды интеллект университеті ашылады. Мұны маңызды уақиғалардың бірі деп айтуға болады. Оқу орны алғашқы студенттері мен магистранттарын биыл қабылдауды жоспарлап отыр. Іргелі ғылымсыз жасанды интеллектіні дамыту мүмкін емес екенін түсінген жөн. Алгоритмдер мен күрделі инженерлік өнімдер, ең алдымен, дамыған ғылыми және университеттік ортада пайда болады. Сол себепті осы бағытқа айрықша көңіл бөлеміз», – деді президент.