Астаналық зейнеткерлер Жаңару күнін атап өтті

Автор: Аягөз Құрмаш

Олар би билеп, ән шырқаған

Фото: жеке мұрағат

19 наурыз – Жаңару мерекесіне орай Сарыарқа ауданының зейнеткерлері «Наурыз — береке мен бірлік мерекесі» атты театрландырылған қойылым ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сахнада «Беташар», «Бесікке салу», «Ат қою» және «Қырқынан шығару» секілді ұлттық дәстүрлер көрініс тапты. Театрландырылған қойылым арқылы адамның өміріндегі маңызды кезеңдер дүниеге келуден бастап, отбасын құруға дейінгі жолы кеңінен насихатталды.

Сонымен қатар, кеш барысында «Әгугай» этно-фольклорлық ансамблі, «Замандастар» вокалдық тобы, «Шұғыла» және «Сарыарқа» би ұжымдары өнер көрсеткен.

Белсенді ұзақ өмір сүру орталығы директорының орынбасары Эльвира Шамшикенова өнерлі зейнеткерлердің шығармашылығын ерекше атап өтті.

«Бүгін біз Наурыз мерекесіне арналған тағылымды қойылымның куәсі болдық. Іс-шара ақсақалдардың батасымен басталып, көрісу дәстүрімен жалғасып, ұлттық салт-дәстүрлерді дәріптеумен аяқталды. Өнерлі ата-әжелеріміз әр рөлді кәсіби деңгейде сомдады», – дейді ол. 

Ұйымдастырушы Айару Жанұзаққызының айтуынша, мұндай іс-шаралар ұлттық дәстүрлерді сақтау мен оны жас ұрпаққа жеткізуде, сондай-ақ қоғамдағы бірлікті нығайтуда маңызды рөл атқарады.