«Сипалап тұр»: Өскеменде ер адамның автобуста кішкентай қыз балаларға тиісіп жүргені туралы видео тарады

Автор: Асыл Арман

Адам шошырлық оқиға осыдан бірнеше күн бұрын болған

Фото: Видеодан скрин

Өскемен қаласындағы автобустардың бірінде адам шошырлық оқиға болғаны туралы әлеуметтік желіде видео жарияланды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Кадрларға назар аударсақ, ашуға булыққан жас жігіттің автобустағы ер адамдардың бірінің жағасынан алып, «ол – педофил» деп айқайға басқанын байқауға болады.

Жас жігіттің айтуынша, ер адам автобустағы кішкентай қыз балаларға тиісіп жүргенін, жолаушылардың көптігін пайдаланып, жыныс мүшелеріне қол жүгіртіп жүрген көрінеді.

«Автобуста өз бетімен тұрған 10-12 жастағы қыздардың бір жерін сипалап тұр. Сүйеніп тұр екен. Бастапқыда бір қыз бала шығып кетті. Байқамай қалған болар деп ойладым. Артынша екі қыз бала келіп тұрады. Ер адам енді осы екі қызға жақындауын қоймайды. Ол екі қыз да қорқып, шығып кетті. Шегіп алған ба, түрі біртүрлі», – дейді ер адамға жұдырық ала жүгірген жас жігіт.

Жарияланым авторының жазуынша, оқиға осыдан төрт күн бұрын болған. Жағдайды өз көзімен көрген жігіт шет қалмай, кішкентай қыз балаларға қорған болатынын көрсете білді.

«Автобуста көпшілік байқамай, елеусіз өтіп кететін жағдайдың бірі болды. Белгісіз біреу 10-12 жастағы қыздарға қатысты орынсыз әрекет жасап жүрген көрінеді. Қыз балалар қорқып, өзін қауіпті сезгендіктен, өз аялдамаларына жетпей түсіп кетіп жатты. Бірақ олардың жанында тұрған жас жігіт бұл жағдайға көз жұма қойған жоқ. Ол іске бірден араласып, мұндай әрекет назардан тыс қалмауы керек екенін көрсетті.

Балаларға қорған болыңыз. Мұндай жағдайға көз жұма қарамаңыз», – деп жазды жазба авторы.

Агенттік тілшісі оқиға бойынша Шығыс Қазақстан облысының Полиция департаменті ресми сауалмен жүгінді.

«Жұмыс жүргізіліп жатыр», – деп Полиция департаменті қысқа қайырды.