«Баланың үстіне құлап кете ме деп қорқамыз»: Қоянды ауылындағы мектептің маңында электр бағаны құлағалы тұр (ВИДЕО)

Редакциямызға жүгінген тұрғындар әкімдік арыз-шағымға назар аудармайды дейді 

«Баланың үстіне құлап кете ме деп қорқамыз»: Қоянды ауылындағы мектептің маңында электр бағаны құлағалы тұр  (ВИДЕО)
Фото: видеодан скриншот

Ақмола облысы Целиноград ауданына қарасты Қоянды елді-мекенінің тұрғындары редакциямызға хабарласып, үлкен мен кішінің өміріне қауіп төніп тұрғанын мәлімдеді: өйткені, ауылдағы ірі көшелердің бірінде, дәл жолдың бойындағы электр бағаны түбінен сынып, құлағалы тұр, деп жазады Azattyq Rýhy. 

Ауыл адамдарының айтуынша, түбінен морт сынып, қисайып тұрған баған туралы халық жергілікті әкімдікке бір емес, бірнеше рет айтады. 

«Бұл бағанның тұрғанына көп уақыт болды. Оны жөндеп берсін деп бармаған жеріміз жоқ. Әкімдікке де хабарластық. Мәселе шешілмеді. Біздің дабыл қағып жатқан себебіміз - бұл жер мектепке жақын, сондықтан, бала-шаға көп жүреді. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін алаңдап отырмыз», - дейді ауыл тұрғындары.

Редакция бұл мәселеге қатысты Ақмола облысының әкімдігіне сұрау жолдады.