Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл анықталды
Астана қаласы мен бірқатар өңірде жүргізуші куәлігін алу және жылжымайтын мүлікті тіркеу салаларында ірі жемқорлық схемалары әшкереленді. ҰҚК дерегінше, заңсыз сыйақы алу мен өкілеттіктерді теріс пайдалану бойынша ондаған факт тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Антикор мәліметінше, 2026 жылдың басынан бері Астана қаласында, Ақмола және Павлодар облыстарында автомектептердің қызметін ұйымдастыру және жүргізуші куәліктерін ресімдеу кезінде заңсыз сыйақы алу және өкілеттіктерді теріс пайдалану фактілері анықталды.
Астана қаласында Мамандандырылған Халыққа қызмет көрсету орталығы (ХҚКО) басшысының бұрынғы орынбасары жүйелі түрде пара алу арқылы азаматтарға емтихан тапсыруға және жүргізуші куәлігін алуға жәрдемдескені үшін әшкереленді.
Жалпы сомасы 100 млн теңгеден асатын 60-тан астам факті процестік түрде құжатталды.
«Сондай-ақ, Көкшетау қаласындағы Мамандандырылған ХҚКО және Екібастұз қаласындағы «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдары басшыларының заңсыз әрекеттерінің жолы кесілді. Олардың жалған тұлғалар арқылы емтихан тапсыруды ұйымдастырғаны үшін ақшалай қаражат алғаны анықталды.
Бұдан бөлек, Астана, Шымкент және Тараз қалаларындағы «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» КЕАҚ филиалдарында жылжымайтын мүлікті қайта тіркеу және ауыртпалықтарды алып тастау кезінде өз өкілеттіктерін теріс пайдаланған лауазымды тұлғалардың заңсыз баю фактілері анықталды», – делінген Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің хабарламасында.
Аталған фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде. Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат жария етуге жатпайды.