Бес өңірде жерасты суының жаңа көздерін анықтау үшін барлау жұмысы жүргізіледі
Су ресурстары және ирригация министрлігі 2027 жылға дейін Ақмола, Батыс Қазақстан, Қостанай, Жетісу мен Ұлытау облыстарында жерасты суының жаңа көздерін анықтау үшін кешенді іздестіру-барлау жұмысын жүргізуді жоспарлап отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Сонымен қатар 2026 жылы жерасты су кен орындарын барлауға арналған 28 жаңа жоба әзірлеу жоспарланған. Оның ішінде 9 жоба Жамбыл облысында, 3 жоба Ақмола облысында, 4 жобадан Батыс Қазақстан және Түркістан облыстарында, Маңғыстау мен Атырау облыстарында екі жобадан және бір жобадан Шығыс Қазақстан, Павлодар, Қызылорда облыстары мен Ұлытау өңірінде жүзеге асырылады.
Жалпы Қазақстан аумағында ауызсу, техникалық жабдықтауға, суару және басқа да шаруашылық мақсаттарға арналған 4 803 жерасты су кен орны барланған. Мемлекеттік баланс деректеріне сәйкес, жерасты суының тәуліктік пайдалануға болатын қоры – 43,2 млн текше метр. Алайда қазіргі таңда оның тек шамамен 1,5 млн текше метрі ғана пайдаланылып отыр, бұл – жалпы көлемнің 3,6%-ы.
Барланған қор құрылымында 21,2 млн текше метр ауызсу мен тұрмыстық қажеттілікке, 2,4 млн текше метр өндірістік-техникалық мақсаттарға, 19,6 млн текше метр суармалы егіншілікке бағытталған.
«Су ресурстарының тапшылығы артып, климаттық өзгерістер күшейіп жатқан жағдайда жерасты суының әлеуетін дамыту – тұрақты су пайдалануды қамтамасыз етудің негізгі бағыттарының бірі. Жерасты су қорының әлеуеті жоғары болғанымен, оның едәуір бөлігі әлі толық зерттелмеген. Осыған байланысты Су ресурстары және ирригация министрлігі жерасты суын кешенді пайдалану тұжырымдамасын әзірлеуді бастады. Бұл құжат жерасты су ресурстарын басқарудың заманауи жүйесін қалыптастыруға бағытталған. Тұжырымдаманы іске асыру жерасты суын тиімді игеруге, елді мекендер мен экономиканы ұтымды және тұрақты сумен қамтамасыз етуге, сондай-ақ су қорын сақтауға және қалпына келтіруге мүмкіндік береді», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Талғат Момышев.