Алматы мектептерінде оқу бағдарламасына шаңғы спорты енгізілуі мүмкін

Автор: Асыл Арман

Қазіргі уақытта осы мәселе талқыланып жатыр

Фото: istockphoto.com

Алматы мектептерінде оқу бағдарламасына шаңғы тебуді енгізу мүмкіндігі талқыланып жатыр. Бұл туралы Kazakh Tourism Development компаниясының басшысы Ержан Еркінбаев мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Жиын барысында «Іле Алатауы» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде тау-шаңғы инфрақұрылымын салу көзделген жерлер ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құрамынан шығарылмайтыны және басқа заңды немесе жеке тұлғалардың меншігіне берілмейтіні атап өтілді. Сондай-ақ, Ержан Еркінбаев жоба аясында жекеменшік коттедждер мен виллалар салынбайтынын және бұл тиісті құжаттарда бекітілетінін мәлімдеді.

Мұнда түрлі деңгейдегі 60 шақырым шаңғы трассасы мен 17 аспалы жол салу қарастырылған. Бұл ретте аспалы жолдар тіректерінің саны мен суды тұтыну көлемі бұрынғы кешенді-жоспармен салыстырғанда айтарлықтай қысқартылады, ал инфрақұрылымды орналастыру табиғи ландшафтты барынша сақтауды ескере отырып жоспарланады.

Сонымен қатар, «шаңғы тебуді» мектеп бағдарламасына енгізу мүмкіндігі талқыланып жатқаны белгілі болды.

Құрамына мемлекеттік мекемелердің, ғылыми институттардың, экологиялық және қоғамдық ұйым өкілдері кіретін кеңес мүшелері аталмыш аумақта табиғатты сақтау, су ресурстарын, сейсмикалық және қар көшкіні қауіпсіздігі, сондай-ақ археологиялық мұраны сақтауға қатысты мәселелерді көтерді.

Бүгінде жоба жүзеге асатын аумақта ғылыми зерттеулер жүргізіліп жатқаны хабарланды. Қоршаған ортаға әсерді бағалау (ҚОӘБ) аясында топырақ, өсімдіктер, су ресурстары және биоәртүрлілікті қоса алғанда, экожүйеге ықтимал әсерді кешенді бағалау жүзеге асырылуда. Осы бағытта зерттеулерді жүргізетін отандық ғылыми институттармен тығыз өзара іс-қимыл қамтамасыз етілуде.

Бұдан бөлек, өңірдің сейсмикалық белсенділігі және қар көшкіні қаупі бар аймақтардың болуы ескеріледі. Барлық инженерлік шешім қолданыстағы қауіпсіздік нормалары мен талаптарына сәйкес қажетті сараптамалардан өтеді.

Археологиялық мұраға қатысты жоба тиісті мемлекеттік органдар мен ғылыми ұйымдармен бірлесіп жүзеге асырылатыны баса айтылды. Тарихи ескерткіштерді анықтау және сақтау мақсатында заңнамада көзделген барлық қажетті іс-шара жүргізілетін болады.