«Қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар»: депутат ЖОО-лардың жұмысындағы кемшілікті көтерді

Автор: Асыл Арман

Ол студенттердің сабаққа қатыспайтынын ашық жеткізді

Фото: istockphoto.com

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Әбутәліп Мүтәлі премьер-министр Олжас Бектеновке жоғары және орта білім беру жүйесіндегі бақылау тетіктері мен цифрландыру мәселесіне қатысты депутаттық сауал жолдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Депутаттың айтуынша, жаңа Конституцияда елдің табысты дамуының және әділ, прогрессивті Қазақстанды құрудың қозғаушы күші ретінде адам капиталына басымдық берілген.

«Жаңа Конституцияда елдің табысты дамуының және әділ, прогрессивті Қазақстанды құрудың қозғаушы күші ретінде адам капиталына басымдық берілген. Бұл мемлекеттің білім саласына басымды көңіл бөлуі керектігін білдіреді. Соңғы жылдары жоғары және орта білім беру жүйесінде дабыл қағатын жағдайлар болып жатыр. Кейбір жекеменшік университеттерде, колледждерде студенттерді ресми тіркейді, бірақ әрі қарай студент оқу үдерісіне қатысып жатыр ма, оқу бағдарламасын меңгеріп жатыр ма, бұл жағынан білім беру мекемесі салғырттық танытып отыр. Яғни студенттер оқуға қабылданғандар тізімінде болғанымен, іс жүзінде сабақтарға қатыспайды немесе бағдарламаларды аяқтамайды, бірақ дипломдарын маман болып шықты деп кедергісіз алып жатыр», – дейді депутат.

Оның айтуынша, мұндай жағдай еңбек нарығына да кері әсер етуі мүмкін.

«Болашақта мұндай қағаз жүзінде ғана кәсіби мамандар жетістікке жете қояды деп сену қиын. Керісінше өмірін жеңілдетемін деп кейін жұмыссыздық нарығын толтырып, мемлекеттің әлеуметтік бағдарламаларының көмегіне тәуелді болып қала ма деген күдік бар. Ең сорақысы, академиялық жүйеге хакинг жасадым деп жүрген мамандар жалпы отандық университеттер қауымдастығының имиджіне залал келтіреді», – деді ол.

Депутаттың сөзінше, бұл мәселе мемлекеттік бақылау нәтижелерімен де расталған.

«Бұл жасанды шындық үкіметтік бақылау нәтижелерімен расталды. Уәкілетті органның мәліметі бойынша, соңғы жылдары 25 университеттің 60 лицензиялық қосымшасы тоқтатылған болатын. Демек саладағы жүйелі құқық бұзушылықтарды жою мен бақылау тетіктерін күшейту бойынша тиянақты жұмыс кажет», – деді депутат.

Сонымен қатар ол мемлекет басшысының тапсырмаларын да еске салып өтті.

«2026 жылдың 10 ақпанында өткен кеңейтілген Үкімет отырысында мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев білім беру ісінде жүйелі мәселелердің бар екенін атап өтті. Сондай-ақ ол кадрларды даярлау жасанды интеллект пен жаңа технологиялардың дамуынан артта қалып отырғанын, оқу бағдарламалары мен стандарттары заманауи мамандықтардың талаптарына сай келмейтініне назар аударды», – деді ол.

Депутат білім беру сапасын бақылауда цифрлық тәсілдерді енгізудің маңыздылығына тоқталды.

«Бүгінгі жағдайда білім беру сапасын бақылаудың дәстүрлі әкімшілік тетіктері жеткіліксіз. Цифрландыру дәуірінде білім беру саласында қалам мен қағазбен жұмыс істеу ұтымсыз. Ал біздің жастарымыз осындай кемшіліктерден зардап шегуде. Аралық және қорытынды емтихандар мен аттестацияларды цифрландыру ерекше маңызға ие. Прокторинг пен жеке басты сәйкестендіруді пайдалана отырып, осы рәсімдерді цифрлық форматта жүргізу білім беру процесінің ашықтығын қамтамасыз етеді, сыбайлас жемқорлық және субъективті тәуекелдерді азайтады, нәтижелерді автоматты түрде тіркейді және бағалауды қолдан өзгерту мүмкіндігін болдырмайды», – деді депутат.

Оның айтуынша, білім беру жүйесінде цифрлық шешімдерді енгізу өзекті мәселе болып отыр.

«Біз университеттердің әділетсіз тәжірибесіне цифрлық тосқауыл қоюымыз керек. Мемлекет ең үздік халықаралық стандарттарға сәйкес озық білім беру жағдайларын жасауы қажет. Дәл осы цифрлық аттестаттаудың объективті нәтижелері білім беру ұйымдарының жауапкершілігін арттыру және кадрларды даярлау сапасына мемлекеттік бақылауды күшейту үшін негіз болуға тиіс. Қолданыстағы білім беру стандарттары мен бақылау тетіктері қазіргі цифрлық жүйелердің мүмкіндіктерін ескермейді. Осыған байланысты көптеген жоғары оқу орындарында білімді тексеру формалды болып қала береді және мамандарды даярлаудың тиісті сапасын қамтамасыз етпейді», - деді ол.

Осыған байланысты Әбутәліп Мүтәлі Үкіметке бірқатар ұсыныс жолдады.

  1. Жасанды интеллект базасында прокторингті, жеке тұлғаны цифрлық сәйкестендіруді және талдамалық жүйелерді, сонымен қатар жоғары оқу орындарында білімді бақылаудың цифрлық технологияларын міндетті түрде пайдалана отырып, жоғары білімнің мемлекеттік стандарттарына өзгерістер енгізуді қамтамасыз етуді, және «Мемлекеттік бірыңғай прокторинг жүйесін» енгізу;
  2. Нақты мерзімдері, жауапты тұлғалары және енгізу тиімділігін бағалау көрсеткіштері бар жоғары оқу орындарында оқу процесін бақылаудың және аттестаттау рәсімдерінің цифрлық құралдарын енгізудің жол картасын әзірлеуді және ұсыну.