Есігін балғамен сындырған: Ақтөбеде 15 млн теңгенің ұялы телефондарын ұрлаған ер адам ұсталды (ВИДЕО)
Ер адам дүкеннен 18 айфон телефонын ұрлап кеткен
Ақтөбе қаласындағы дүкендердің бірінде 15 наурыз күні түнгі уақытта ұялы телефон ұрлығы жасалды. Белгісіз азамат кіреберіс есіктің әйнегін балғамен сындырып, дүкен ішіне заңсыз кіріп, 18 ұялы телефонды ұрлап кеткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Кәсіпкердің бағалауынша, келтірілген шығын шамамен 15 миллион теңгені құрады.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қызметкерлері күдіктіні анықтап, ұстады. Ер адам қала көшелерінің бірінде ұрланған телефондарды сатпақ болған кезде қолға түсті.
«Тергеу әрекеттерінің нәтижесінде барлық ұрланған ұялы телефон тәркіленді. Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Полиция департаменті сауда нысандарының иелеріне қауіпсіздік шараларын сақтау қажеттігін ескертеді, оның ішінде күзет дабылын, бейнебақылау жүйелерін орнату және кіреберіс бөліктерін күшейту қажет», – делінген облыстық Полиция департаментінің хабарламасында.