Шетелден келген: Алматыда әйелден қауіпті вирус табылды

Автор: Алмас Ерсін

Қазақстанда соңғы бес жылда шетелге бару кезінде 13 адам безгек жұқтырған

Фото: © freepik.com

Алматыда Африкадан оралған әйелден безгек ауруы анықталды. Бұл жағдай жуырда тіркелген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазір мамандар эпидемиологиялық тексеру жүргізіп жатыр, сондықтан оның жағдайы мен жұқтыру мән-жайы туралы толық ақпарат жария етілмейді.

Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, соңғы бес жылда елде сырттан әкелінген безгектің 13 жағдайы тіркелген, олардың басым бөлігі тропикалық түріне жатады.

Мамандар бұрын тіркелген барлық жағдайда адамдар қауіпті елдерге сапар алдында химиопрофилактикадан өтпегенін атап өтті.

Сарапшылар туризм мен еңбек көші-қонының артуына байланысты Қазақстанға тропикалық инфекциялардың сырттан келу қаупі сақталып отырғанын ескертеді. Әсіресе Африка елдерінен, Оңтүстік-Шығыс Азиядан және Латын Америкасының кейбір өңірлерінен жұқтыру ықтималдығы жоғары.

Сонымен қатар қазақстандықтардың басым бөлігінде мұндай ауруларға қарсы иммунитет жоқ, сондықтан дерт ауыр өтуі мүмкін.

«Безгек әлі де ең қауіпті жұқпалардың бірі болып қала береді: дер кезінде анықталып, ем жүргізілмесе, ауру ауыр асқынуларға, тіпті өлімге әкелуі мүмкін», - деп атап өтті орталықтың баспасөз қызметі.

Өзіңізді қалай қорғауға болады: дәрігерлер кеңесі

Жұқтыру қаупін азайту үшін дәрігерлер жәндіктердің шағуынан қорғануға кеңес береді:

  • репелленттер мен масаға қарсы торларды пайдалану,
  • жабық киім кию,
  • жәндіктерді жоятын спрейлер қолдану,
  • жалаңаяқ жүрмеу,
  • жағажайда төсеніш немесе шезлонг пайдалану.

Белгілер бірден пайда болмауы мүмкін екен. Кейде олар сапардан бірнеше апта, тіпті ай өткен соң байқалады. Дене қызуы көтерілсе, қалтырау, әлсіздік немесе бас ауруы болса, мүмкіндігінше тезірек дәрігерге қаралып, міндетті түрде басқа елде болғаныңызды айту қажет.