Референдум кезінде ұсақ құқық бұзу фактілері ғана тіркелді – «AMANAT» өкілі

Автор: Темірхан Айжан

«AMANAT» партиясы атынан 20 мың бақылаушы дайындалған

Фото: партияның баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясы дайындаған бақылаушылар референдум кезінде дауыс беру барысын толық қадағалап отырды. Бұл туралы партия өкілі Гүлнәр Нұрахметханова Жалпыұлттық референдумдағы дауыс беру қорытындыларына арналған брифингте мәлімдеді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

«Біз «AMANAT» партиясы атынан 22 мыңнан астам бақылаушыны дайындадық. Олар еліміздің барлық өңірлеріндегі учаскелерді қамтыды. Бұл - Қазақстанның бүкіл аймағын қамтыған үлкен қоғамдық бақылау жүйесі. Айта кету керек, бақылаушылар референдумға дейін алдын ала ауқымды дайындықтан өтті. Оларды дайындау мақсатында онлайн және офлайн форматта семинарлар ұйымдастырдық. Әр бақылаушының құқықтық міндеттерін, дауыс беру процесіне қалай қатысу керегін, сол күні қандай жұмыстар атқаруы тиіс екенін, жалпы мақсат-міндеттерін толық түсіндірдік», - деді Гүлнәр Нұрахметханова.

Сонымен қатар ол бақылаушылардың әлеуметтік желілерде өте белсенді болғанын атап өтті.

«Олар кәсіби әрі жауапты жұмысты адал атқарып, дауыс беру процесіне толық бақылау жүргізді деп айта аламыз. Әр бақылаушы өз учаскесіндегі дауыс беру барысы мен болып жатқан оқиғаларды ашық түрде жариялап отырды», - деді «AMANAT» партиясының өкілі.

Гүлнәр Нұрахметханова учаскелерде кішігірім заң бұзушылықтар болғанын айтты.

«Кейбір оқыс, болмашы жағдайлар тіркелді. Мысалы, жекелеген учаскелерде азаматтардың дауыс беру процесіне кедергі келтіру әрекеттері болды. Сондай-ақ кейбір техникалық және ұйымдастыру мәселелеріне байланысты ұсақ кемшіліктер кездескен жағдайлар да болды. Кейбір дауыс берушілердің референдум комиссиясының жұмысына кедергі келтірген жайттары да тіркелді», - деді ол.

Алайда партия өкілінің сөзінше, бұл жағдайлар дауыс беру процесіне кедергі келтірмеген.