Жемқорлардан қайтарылған ақшаға салынды
Қостанай облысында Қарабалық ауданының Михайловка және Славенка ауылдарында прокуратура органдары жемқорлардан қайтарған қаражат есебінен іске асырылған сумен жабдықтау жүйелерінің құрылысы аяқталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Жобаны іске асыру тұрғындарды сапалы ауыз суға тұрақты қолжетімділікпен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді.
«Жобалар аясында 16 шақырым су құбыры желілері салынды және су тарату пункті орнатылды, бұл шамамен 700 адамды таза сумен қамтамасыз етуге мүмкіндік берді, атап айтқанда Михайловка ауылының 591 тұрғыны, Славенка ауылының 224 тұрғыны. Құрылған инфрақұрылым сенімділік пен қауіпсіздіктің заманауи талаптарына сәйкес келеді, бұл коммуналдық қызмет көрсету деңгейін және халықтың өмір сүру сапасын едәуір арттырады. 2025 жылы Қостанай облысында қайтарылған активтерді қаржыландыру есебінен тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласында барлығы 16 жоба іске асырылды. Биыл тағы 9 денсаулық сақтау және білім беру нысандарын салу және жаңғырту жоспарланған», – делінген прокуратура хабарламасында.
Қайтарылған активтер есебінен жүзеге асырылатын әлеуметтік жобаларды іске асыру барысы Қостанай облысы прокуратурасының бақылауында.