Ол әскери бөлімнің құрамында Алматы қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп жүр
Алматы қаласындағы ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 5571 әскери бөлімінің мерзімді әскери қызметшісі Әзиз Темірбек 100-ге жуық күйді жатқа біледі, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
18 жастағы Әзиз Қызылорда облысының Сырдария ауданында дүниеге келген. Бала кезінен домбыраға әуес болып өскен ол мектеп қабырғасында алғашқы ұстазы Гүлназ Сералиевадан күй өнерінің әліппесін үйренеді. Кейін Қызылорда қаласында Қазанғап атындағы музыкалық жоғары колледжінде білім алып, ұстазы Жансұлтан Жұмабектен күйшілік шеберлігін шыңдайды.
Бүгінде ұландық жүзге жуық күйді жатқа біледі. Оның орындауында қазақтың әйгілі күйлері – «Сарыарқа», «Серпер», «Ақсақ киік», «Төремұрат», «Байжұма» сынды туындылар ерекше әсер қалдырады. Әзиздің айтуынша, танымал күйлердің басым бөлігін ол нота арқылы меңгерген.
«Домбыра мен үшін халқымыздың мәдениетін, салт-дәстүрін айқындайтын қасиетті мұра. Әскер қатарында жүрсем де, «Сыр елі, жыр елі» деп ерекшеленетін Сыр күй мектебі өкілдерінің ізін жалғап жүргеніме қуаныштымын», – дейді қатардағы жауынгер.
Қазіргі уақытта Әзиз әскери бөлімнің құрамында Алматы қаласының қоғамдық тәртібін қамтамасыз етіп, азаматтардың қауіпсіздігін күзетіп жүр. Ал бос уақытында қаруластарының өтінішімен домбырасын қолына алып, өзі білетін күйлерді тамылжыта орындап береді. Оның әсерлі орындауындағы күйлер сарбаздардың көңіл-күйін көтеріп, жауынгерлік рухын арттыра түседі.