Сарапшы: референдумдағы қатысу бірнеше жылдағы ең жоғары деңгейге жетті

Автор: Мөлдір Қазыбай

Саясаттанушы Данияр Әшімбаев соңғы референдумдардағы көрсеткіштерді салыстырып, 2026 жылғы дауыс берудің ерекшелігін түсіндірді

Фото: Azattyq Rýhy/Әсет Құндақбаев

Ата заңға байланысты өткен республикалық референдум соңғы жылдардағы ең жоғары қатысу көрсеткішін көрсетті. Саясаттанушы Данияр Әшімбаевтың талдауынша, дауыс беруге келген азаматтардың үлесі бірнеше саяси науқаннан кейін алғаш рет 70%-дан асты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сарапшының мәліметінше, референдумға қатысу деңгейі 73,24% болды. Бұл соңғы жылдары өткен ұқсас саяси науқандар арасындағы ең жоғары көрсеткіш саналады.

Салыстыру үшін саясаттанушы бұған дейін өткен референдумдардың статистикасын келтірген. 2022 жылғы маусымдағы дауыс беруге 68,44% азамат қатысса, сол жылдың қарашасында бұл көрсеткіш 69,43% болған. Ал 2023 жылғы наурыздағы референдумда қатысу деңгейі 54,19%-ға дейін төмендеген. 2024 жылғы қазандағы дауыс беруге тіркелгендердің 63,87% учаскелерге келген. Осылайша, 2026 жылғы референдум бірнеше жылдық кезеңдегі ең жоғары белсенділікпен өтті.

Аймақтар бойынша да қатысу деңгейі әркелкі болды. Ең жоғары көрсеткіш Қызылорда облысында тіркеліп, 93,04%-ға жетті. Одан кейін Ақтөбе облысында – 87,95%, Шығыс Қазақстан облысында – 86,42%, Жамбыл облысында – 85,06%, Қарағанды облысында – 84,3%, Түркістан облысында – 84,03% деңгейінде қалыптасты.

Сарапшы Алматы қаласына да назар аударған. Оның айтуынша, мегаполис дәстүрлі түрде ең төмен белсенділік көрсететін өңірлердің бірі саналады. Дегенмен бұл жолы дауыстар саны бұрынғы науқандармен салыстырғанда артқан. Орталық референдум комиссиясының деректеріне сәйкес, Алматыда қатысу деңгейі 33,43% болды. Бұған дейін қаладағы көрсеткіш көбіне 25–27% шамасында қалыптасып келген.

Данияр Әшімбаевтың пікірінше, сайлаушылар белсенділігінің артуына бірнеше фактор ықпал етуі мүмкін. Олардың қатарында дауыс беру уақытының ұйымдастырылуы, кең ауқымды түсіндіру және үгіт-насихат жұмыстары, сондай-ақ жалған ақпараттың таралуына қарсы жүргізілген шаралар бар.

Саясаттанушы мемлекеттік құрылымдардың ұйымдастыру жұмысы да маңызды рөл атқарғанын атап өтеді. Оның мәліметінше, орталық және жергілікті атқарушы органдар, сондай-ақ түрлі қоғамдық ұйымдарды біріктірген жалпыұлттық коалиция халықтың әртүрлі топтарын, соның ішінде жастарды белсенді түрде қатысуға шақырған.

Сонымен қатар сарапшы бұл референдумның саяси жағдайына да тоқталған. Оның бағалауынша, бұл жолы жаңа жобаға қарсы ұйымдасқан оппозициялық күш байқалмаған. Саяси тұрғыдан алғанда, ұсынылған Конституция-2026 жобасы іс жүзінде 1995 жылғы Конституцияның 2022 жылғы редакциясымен қатар талқыланған балама нұсқа ретінде қабылданды.

Саясаттанушының пайымдауынша, референдум нәтижелерінің саяси салдары уақыт өте келе айқындала түседі. Алдағы кезеңде қоғамның жаңа конституциялық өзгерістерді қалай қабылдайтыны постреферендумдық кезеңдегі басты көрсеткіштердің бірі болмақ.